Қазіргі уақытта С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті «Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің» (АРТА) институционалдық реаккредитация процедурасынан өтуде. Шара аясында сыртқы сарапшылық комиссия жоғары оқу орнында болды.

Сыртқы сарапшылық топқа э.ғ.к., Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің өкілі Гүлвира Ақыбаева жетекшілі етеді. Комиссия құрамында тәуелсіз агенттіктің ұлттық және халықаралық дәрежедегі жетекші сарапшылары – с.ғ.д., Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің профессоры Лариса Шкутина, болгар Аграрлық университетінің (Пловдив қ.) профессоры және аккредиттеу және бағалау жөніндегі Ұлттық агенттігі Аккредиттеу кеңесінің мүшесі Димитар Греков бар.

Жұмыс беруші тарапы атынан «БЖЗҚ» АҚ облыстық филиалының директоры Владимир Питраков және «Сапа» мамандарды сертификаттау орталығы» ЖШС-нің директоры Арман Әбікенов, студенттік ұйымдар атынан ПМПУ студенті, Қазақстан студенттері Альянсының мүшесі Жаңыл Дакен қатысты. Агенттік тарапынан бақылаушы қызметін халықаралық жобалар мен қоғаммен байланыс жөніндегі жетекшісі Тимур Канапьянов атқарды.

Сапар барысында сарапшылар университеттің стратегиялық жоспарлау, менеджмент, академиялық, ғылыми-зерттеу, тәрбие және әлеуметтік жұмысының негізгі принциптерімен танысты. Комиссия мүшелері жоғары оқу орнындағы оқу үрдістерін бақылап, ЖОО менеджментін жүргізушілер, профессорлық-оқытушылық құрам, жұмыс беруші, білім алушы жастар мен түлектермен сұхбаттасты. Сарапшылар «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-дегі тәжірибелік база, механика және мұнай-газ ісі кафедраларының филиалдары және «Қазақстан аграрлық экспертиза» АҚ-ның жұмысымен танысты.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша сарапшылар тобы атқарылған жұмыстың нәтижелерімен таныстырады. Кейін кеңес қорытындылар негізінде Павлодар мемлекеттік университетінің институционалдық реаккредитациялануы жөнінде шешім шығарады.