22 қазанда С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясы (ҚР ҰИА) Төралқасының кеңейтілген көшпелі отырысы өтті.

Академия өкілдерінің жұмыс сапары университетпен танысу экскурсиясынан басталды. Шара барысында меймандар стартап академиясының жаңа жобаларымен танысты.

ЖОО-ның дәлізінде «Павлодар облысында алюминий кластерінің дамуы» атты көрме ұйымдастырылды.

Шараға Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, ҚР ҰИА-ның мүшелері, металлургия және мұнай-газ салаларының ірі кәсіпорындарының жетекші инженерлері қатысты.

Жиын ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен өтті. Диалогтік алаңда Павлодар облысының даму перспективалары, нақтырақ айтқанда, алюминий кластерінде қолданылатын инновациялық технологиялар, металлургия саласы үшін инженерлік кадрларды даярлау, алюминий өндірісінің қалдықтарын кәдеге жарату және өзге мәселелер талқыланды.

Павлодар мемлекеттік университеті туралы пікірімен ҚР ҰИА және Халықаралық инженерлік академиясының академигі, т.ғ.д, профессор Марат Бітімбаев бөлісті.

- Университет атқарып жатқан жұмыс көңіл көншітерлік. Бұған дейін көптеген оқу орындарында болдым, бұл университет үздіктердің бірі деп ауыз толтырып айта аламын. Себебі, бұл жерде ғылым мен студенттік, техникалық және гуманитарлық даму тоғысқан, - дейді Марат Бітімбаев.  

Шара барысында Павлодар облысының әкімдігі мен ҚР ҰИА арасында меморандумға қол қойылды.

Көшпелі отырыс нәтижесінде облыс әкімдігі, ҚР ҰИА және С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті арасында ЖОО базасында жаңа инженерлік сараптамалық орталық құру туралы шешім қабылданды.

Отырыс бір топ ғалымды «Қазақстандағы инженерлік істі дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен марапаттау рәсіміне ұласты. ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Жұмағұлов пен ҚР ҰИА-нің вице-президенті Темірхан Досмұхамбетов ПМУ-дің құрметті профессоры атағына ие болды.

Жетекші инженерлер Павлодар облысының алюминий өндіретін ошақтарда болды.