С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде педагогика және психология салаларының мамандары мен студенттердің басын қосқан аутист-балалармен жұмыс бойынша шеберлік сыныбы өтті.

Шараны ПМУ-нің психология және педагогика кафедрасы Павлодар қаласының «Аутист-балалар ата-аналары қауымдастығымен» бірлесіп ұйысдастырды. 

Басты мақсат – аутист-балалардың қарапайым балалармен қатар білім алуы үшін инклюзия идеясын таратып, жүзеге асыру. Инклюзия дегеніміз – аутизмі бар балалардың қоғам ортасында шектелмей, толыққанды білім алу ымен дамуына мүмкіндік туғызу. 

Қауымдастық мүшесі Дина Баймолдинаның айтуынша, әлемде аутизм диагностикасына қатысты стереотиптер жетіп артылады. Кей адамдардың пікірінше, осындай балаларға әлеуметтік орта қажет емес, олар шектеулі ортада өмір сүре алады. 

«Аутист-балалар ешкімнен кем болмауы тиіс. Білім алып, шынайы өмірге бейімдеу керек. Балғындар қарым-қатынастың жаңа деңгейіне көшу қажет, яғни, осы тектес шеберлік сыныптарына көптеп қатыстыру керек», - дейді Д. Баймолдина. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, балаларға осындай кездесулер аса қажет. Олар жаңа тұлғалармен танысып, әлеуметтене түседі. Басқа пайдасы да бар – психолог мамандығын таңдаған студенттер кәсіби тұрғыдан дамып, мол тәжірибе жинай да алады.