С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде белгілі ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық педагогика білім академиясының академигі Еңлік Жұматаеваның 70 жылдығына арналған шығармашылық кеші өтті.

Қазақстанның әр түкпірінен келген әріптестері, достары, шәкірттері, олардың қатарында ғылыми қауымдастық өкілдері мен білім беру саласының қызметкерлері мерейтой иесін шын жүректен құттықтап, жүрекжарды лебіздерін арнады. 

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қызметкерлерді басқару қызметінің басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Әлібек Шоқпаров Еңлік Өсербайқызын «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапаттап, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің құттықтауын жеткізді.

С. Торайғыров атындағы ПМУ ректорының м.а., ғылыми жұмыс және инновация жөніндегі проректоры, б.ғ.д., профессор Нұрлан Ержанов өз құттықтау сөзінде Еңлік Жұматаеваның еңбектеріне жоғары баға беріп, оны Қазақстандағы этнопедагогиканың ғылыми негіздерін салған ғалым ретінде ерекше атап өтті. 

– Еңлік Өсербайқызы саналы ғұмырын ғылым жолына арнап, университетіміздің ірі білім және ғылым ордасы болып айналуына көп еңбек сіңірді. Әріптестері мен жерлестері оны отандық ғылымның дамуына қомақты үлес қосқан белгілі ғалым, ұлтымыздың рухани жаңғыруына атсалысып жүрген ұлт жанашыры, жаңашыл идеяларымен, озық ойларымен ерекшеленетін қоғам қайраткері деп таниды, – деді Нұрлан Телманұлы.

Еңлік Жұматаева 40 монографияның, 10-нан астам оқу құралдарының авторы. Ғалым әдебиет пен қазақ тілі пәнін оқытудың тың әдістері бойынша зерттеу жүргізді, жоғары мектепте оқудың біртұтас дидактикалық жүйесін енгізді, этнопедагогиканы саралап, майдангер жазушылардың шығармашылығын зерттеуде де қомақты жұмыстар атқарды. Оның ғылыми еңбектері халықаралық және республикалық деңгейде жоғары бағаға ие болды. Е. Жұматаева – «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» марапатының, Ыбырай Алтынсарин атындағы медалінің, Халықаралық қазақ тілі қоғамының «Ана тілі» мәртебелі алтын медалі және басқа көптеген марапаттар мен атақтардың иегері. Сондай-ақ, ғалым Ресей Федерациясының педагогикалық білім беру халықаралық ғылым Академиясының (ПБХҒА-ның) корреспондент-мүшесі және академигі, Қазақстан Педагогика Ғылым Академиясының нақты мүшесі атанып, есімі Қазақстан Республикасының жетекші ғалымдар құрамына енген.