С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Қазақстандағы саяси репрессиялардың қасіреті: қайнар көзі, барысы мен салдары» атты дөңгелек үстел өтті.
Шара Дін жəне азаматтық қоғам істері жөніндегі министрліктің қолдауымен «Азаматтық инициативаларды қолдау орталығының» мемлекеттік гранты аясында «Халықтар келісімі» қоғамдық қоры мен С.Торайғыров атындағы ПМУ-нің Қазақстанның тарихы мен мәдениеті институтымен бірлесіп өткізілді.
Дөңгелек үстел жұмысына беделді тарихшы, т.ғ.д. Зиябек Қабылдинов, Жазушылар одағының облыстық филиалының басшысы Арман Қани, өлкеміздің бетке ұстар тарихшылары мен заңгерлері, зиялы қауым өкілдері, Қазақстан халқы ассамблеясы мен «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалының мүшелері қатысты.
Бұл кездесуде ауқымды баяндамалар жасалып, саяси репрессиялардың өзекті мəселелері көтерілді. Репрессия жəне тұлға, қуғындау жүйесі, репрессия жəне адам құқығы, халықтарды депортациялау мəселелері қозғалды.
Дөңгелек үстел барысында Зиябек Қабылдиновтың «Қазақстан тарихы» бойынша 8 сынып оқулығының (Алматы, «Атамұра» баспасы, 2016 ж.) тұсауы кесілді.
Т.ғ.к., қауымд. профессор, С.Торайғыров атындағы ПМУ-нің Қазақстанның тарихы мен мәдениеті институты директоры Қайрат Батталов өз сөзінде саяси репрессиялардың қазақ қоғамына зардабы көп болғанын атап өтті. Ғалымның айтуынша, Кеңес үкіметі «кеңес азаматтарын тәрбиелеу» саясаты барысында көптеген адамдарды саяси репрессияларға ұшыратып, миллиондаған адамдардың өміріне балта шапты, қазақ қоғамының беткеұстар алаш азаматтарын құртып, ұлттың игі құндылықтарын жоюға тырысты.
«Дөңгелек үстелде тұсауы кесілген оқулықта үш ғасырдың үш тұлғасына ерекше көңіл бөлінген. ХVIII ғасырдағы қазақ лидері Абылай, XIX ғасырдағы отаршылдыққа қарсы күрескен Кенесары хан және XX ғасырдың басындағы ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейхановқа баса назар аударған. Өлкеміздің жұртшылығын қуантар жайт та бар. Оқулықта жеке параграфтар ақын, ойшыл, ағартушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мен зерттеуші ғалым, қоғам қайраткері Григорий Потаниннің тарихи тұлғасы мен қоғамдық қызметіне арналған», – деді Қайрат Қанатұлы.
Т.ғ.д., профессор Лаура Жүсіпованың мәлімдеуінше, Кеңес үкіметі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының бай рухани-тарихи мұрасын құртып, оның атын өшіруге тырысты. – Ұлы ойшылдың бай мұрасын ұрпақтарына басып шығаруға жол бермеді. Ұрпақтарын қудалап, феодал байдың баласы деп айып тақты. Тәуелсіздіктің таңы атқалы тек соңғы жиырма жылдың аралығында ұлы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мұрасы зерттеліп, көптеген басылымдарда жарыққа шықты. Осы мұраны сақтап, жас ұрпаққа жеткізуде С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің үлесі зор, – дейді Лаура Қуандыққызы.