Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен республикалық олимпиадалардан С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің студенттері жеңіспен оралды.

IX Республикалық пәндік студенттік олимпиадаға ПМУ-нің жас мәдениеттанушылары Әлібек Қабылда, Жәмилә Сүлейменова, Баянбек Жасұлан, Дамир Социалов, Торғын Қайдарова және Салтанат Мұхаметжаннан құралған «Мұрагер» тобы қатысты.

Топ жетекшісі Салтанат Әубакірованың мәлімдеуінше, байқаудың «Мәдениеттану: өткені, бүгіні, болашағы» кезеңінде қатысушылар стартап жобаларын ұсынып, екінші орынға лайқыты деп танылды. Сондай-ақ, олар «Үздік инновациялық стартап жоба» аталымында жеңімпаз атанды. Жоба негізінде ұсынылған мектептің негізгі мақсаты – жастарды қазақтың ұлттық дәстүрімен тәрбиелеу. Мәселен, балаларды ұлттық дәстүрге сай тәрбиелеу, болашақ ата-аналар мен жас келіндерге ақыл-кеңес беру курстары ұсынылатын болады.

География мамандығын игеріп жүрген студенттер тобы республикалық пәндік олимпиадада жалпы есепте үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп, ПМУ-нің қоржынын қола жүлдемен толықтырды. 

Топ мүшелері Жанерке Кабиева, Елдар Жақыпбеков, Александра Кучерявых өздерінің тұсаукесерлерін өлеңдете таныстырып, шығармашылық қабілеттерімен көзге түсті. Ал, Елдар Жақыпбеков жеке есепте екінші орынды қанжығасына байлады. 

– Олимпиадалар студенттердің бәскелестік қабілетін шыңдайды, – дейді С. Торайғыров атындағы ПМУ командасының ғылыми жетекшісі Ғалымбек Ажаев. – Біздің студенттер олимпиадаға бір ай бойы дайындалды, қызығушылығы да басым болды. Содан болар, олардың шығармашылық кезеңде көрсеткен таныстырылымы үздік деп танылды. Жалпы, барлық жоғары оқу орындары командаларының дайындықтары шамамен бір дәрежеді болды. Соған қарамастан, мақсат етілген тәжірибелік міндеттерді шешу жолында біздің балалар шеберліктері мен қабілет-қарымын көрсетті. Тіпті, әділқазылар алқасы да студенттердің мәселелерді шешуде ерекшелік танытқанын ескерді.