С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің орындаушылық өнер кафедрасының студенті Павел Граф «Сибирь зажигает звёзды» халықаралық байқауының 2 дәрежелі лауреаты атанды.

Павелдің «Фортепиано – иструменталды жанр» аталымындағы орындауышылық шеберлігі жоғары бағаланды. 

Байқау талабына сай музыканттар мен орындаушылар сан алуан жанрларда өнер көрсете алды. Павелдің айтуынша, бұл жолы қазылар алқасының алдында 50-ге жуық дарынды орындаушылар өздерінің қабілеттерін дәлелдеді. 

Студенттің мәлімдеуінше, айтулы байқау қатысушыларға өте жоғары талап қойды. Сол себепті, әділ қазылардың көңілінен шығу үшін Павел байқауда орындайтын шығармалары бойынша көп дайындалды: «Әр орындаушы әрбір табыстың астарында бес пайыз дарын, ал қалғаны қажырлы еңбек пен көп сағаттық дайындалулардың нәтижесі екенін жақсы біледі».

Павел Граф өзінің ұстазы Алекс Куминовқа өз ризашылығын білдірді: «Жеңіске жетелейтін ерік-жігірді менің бойыма сіңірген Алекс Борисовичке шын жүректен алғысымды айтамын. Ал байқауда әлем пианистері арасында «алтын стандарт» деп танылған Рахманиновтың музыкалық шығармасы мен Скрябиннің этюдін орындап шықтым».

Павел Граф 2014 жылы аталмыш байқаудың лауреаты атанған. Сол уақытта ол үшінші орынға ие болды. Павел  2017 жылдың табысты боларына сенімді. Осы жылы ақпанның аяғында Астана қаласында өтетін музыкалық олимпиадада Павел өзінің жоғары шығармашылық шеберлігін паш етуге қызу дайындық үстінде.