С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау бойынша өзекті мәселелерді талқыға салған дөңгелек үстел өтті.

Шара Павлодар облысының Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының ұйытқы болуымен және Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуi жөнiндегi тұжырымдаманы iске асыру жөнiндегi 2013-2020 жылдарға арналған iс-шаралар жоспарынорындау бойынша ҚР Энергетика министрлігінің тапсырмасымен жүзеге асты. 

Павлодар мемлекеттік университетінің ғылым және инновация департаментінің басшысы Александр Свидерский былайша өз ойын өрбітті: 

«Жасыл экономика» – мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды құралдардың бірі. Бұл қадам арқылы еліміз 30 дамыған мемлекеттер қатарына енуді көздеп отыр», – деді А. Свидерский.  

Дөңгелек үстел жұмысына облыстық Денсаулық сақтау басқармасы, «ӘКК Павлодар» АҚ, Экология департаменті және басқа да басқармалар мен кәсіпорындардың өкілдері қатысты. 

Биология және экология кафедрасының магистрі Нариман Мапитов өз сөзінде «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи орман резерваты мысалында экожүйені сақтау және тиімді басқару үшін  денрохронологиялық әдістерін қолдану турасында баяндап берді. 

Сондай-ақ, баяндамашы жасыл технология саласында жасаған өзінің жобасының тұсауын кесті. Және де, кездесу барысында аталмыш жобаны жүзеге асырудың жолдарын, мемлекеттік қолдау құралдарын қолданудың амалдарын қарастырды.