С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Павлодар облысындағы ауыл мектептерінің оқушыларына арналған биылғы жылдың алғашқы «қысқы» Ашық есік күні өтті.

Болашақ талапкерлер факультет өкілдерінің тұсаукесерлерінен факультеттер мен онда оқытылатын мамандықтар жайында толық ақпарат алды. Университет есігін алғаш ашқан жастардың ортасында білім ордасының болашақ студенттері бар екені анық. Оны олардың қызыққан мамандықтары туралы білуге асыққанынан аңғаруға болады.  

«Foundation» факультетінің деканы, п.ғ.к., С. Торайғыров атындағы ПМУ профессоры Сәуле Ксембаева оқушыларға оқу ордасының жетістіктері, оқу ақысына жасалатын жеңілдіктер, университеттің мәдени және қоғамдық өмірі турасында баяндап берді. 

«Бүгінде ПМУ – еліміздегі алғашқы кәсіпкерлік бағыттағы жоғары оқу орны. Жаңа сіздер оқу ордамыздың стартап академиясымен таныс болдыңыздар. Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері шетелдік ғалымдардың дәрістерін тыңдауға, академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы шетелде білім игеруге мүмкіндік алады. Сондай-ақ, студенттер әскери кафедрада оқып, дипломмен бірге әскери атаққа да қол жеткізуіне болады», – дейді Сәуле Камалиденқызы. 

Оқушылардың ПМУ-мен таныстығы университет бойынша кешенді экскурсиямен жалғасын тапты. Жоғары оқу орнын жақынырақ білу мақсатында болашақ мектеп түлектері викториналық ойындар ойнады. Дұрыс жауаптардың иелеріне университеттің белгісі мен атауы нақышталған кеудеше және естелік сыйлықтар табыс етті. Ал бас сыйлық – ұялы телефонды №1 Успен орта мектебінің оқушысы Виктория Василевич иеленді. Виктория өз сөзінде ПМУ-іне оқуға түскісі келетінін де жасырмады. 

 «Мен әлі болашақ мамандығымды нақты таңдамадым. Бірақ, мені экономикадағы ақпараттық жүйелер, мұнайгаз ісі және сәулет өнері қызықтырады. Бүгін мен өзіме қажетті көп ақапараттарға қанық болдым. Әсіресе, маған стартап академиясының жұмысы ұнады. Енді мен болашағымды кәсіпкерлікпен байланыстырып, жаңа қызықты жобаларды жасауды жоспарлаймын», – дейді Виктория.

Ізгі дәстүр бойынша қонақтар құрметіне Павлодар мемлекеттік университеті студенттік филармониясының шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Сонымен бірге, «Павлодар жастар құрамасы» КВН командасы оқушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.