С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің оқытушылары 2016 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» республикалық байқауының үздіктері қатарынан көрінді.

Айтулы грантты С. Торайғыров атындағы ПМУ-інің оқытушылары ф.ғ.д., «Қазақ филологиясы» кафедрасының профессоры Айтмұхамет Тұрышев, т.ғ.д., «Қазақстан тарихы» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Лаура Жүсіпова, ө.ғ.к., «Орындаушылық өнер» кафедрасының меңгерушісі Данияр Мерғалиев, техн.ғ.к., «Көліктік техника және логистика» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Қайратолла Абишев иеленді.

«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына 58 ЖОО-ның 200 оқытушылары ие болды. Байқауға еліміздің 84 жоғары мектебінен 444 үміткер қатысты.

Бұл грант оқытушыларға ғылыми-зерттеу  жұмыстармен айналысу және кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттерде тағлымдамадан өтуіне мүмкіндік береді.

Биылғы байқауда оқытушылардың оқулықтарын, монографияларын, оқу құралдарын ағылшын тілінде дайындап, шығару жұмыстарын, кәсіби саласы бойынша шет тіліндегі ашық онлайн курстарда білім алуын жоғары бағалады. 

«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы атануым – еңбегімнің еш кетпегені деп білемін. Жұмыстарымды жоғары бағалағаны мені қуантады. Марапат адамға жаңа міндеттер мен үлкен жауапкершіліктер жүктейді,  кәсіби біліктілікті дамытуға, білімін көтеруге және табысты еңбек етуге ынталандырады», – дейді техн.ғ.к., С. Торайғыров атындағы ПМУ көліктік техника және логистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Қ. Абишев.