С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Арын Өрсариев жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған студенттермен кездесті.

Жаңа жыл қарсаңындағы дәстүрлі кездесу ата-ана қамқорлығынан айырылған студенттерді қолдау және жоғары оқу орнының қоғамдық өміріне атсалысуға ынталандыру мақсатын тұтты. 

Ректор өз сөзінде университеттің ата-ананың аялы алақанынан құр қалған балаларды барынша қолдайтынын айтты. Бұл топтың өкілдеріне оқу ақысына жеңілдіктер мен тегін білім алу сынды бірқатар жеңілдіктер ұсынылады.

– Университетте квота мен грант негізінде білім алған бала алға қойған өмірлік мақсаттарын іске асырып, өз армандарына жетуге мүмкіндік алады.  Студент бола жүріп, сіз болашағыңызды жоспарлап, «қайда жұмыс жасайсыз», «немен айналысасыз» деген сауалдарға бүгін жауап іздеңіз. Дәл қазір сіз ертеңгі жұмыс берушіңізбен байланыс орнатқаныңыз жөн. 

Мүмкін, сіздердің аралрыңызда кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндер де бар шығар. Өмірде мақсатқа жету үшін ертеңгі күнге нақты міндеттер қойып, алға жылжу қажет. Сіздер университетте тек мамандық бойынша білім алып қана қоймай,  көшбасшылық қабілетке ие болуға, табысты жобаларды жасауға үйренесіз. Өз кезегінде, оқу орданың басшылығы сіздерге материалдық және моральдық қолдау көрсетеді. ПМУ-да оқып жүргенде сіздер баспанамен, тамақ, жол жүрумен  қамтыласыздар. Ал жазғы демалыста Сабындыкөл жағалауында орын тепкен «Баянтау» спорттық-сауықтыру кешенінде демалуға болады, – деп жастарға кеңес берді Арын Амангелдіұлы. 

Биылғы жылғы жаңа жылдық құттықтау – достық кездесу болды. Мұнда студенттер өздерін мазалаған сауалдарын қойып, студенттік өмірдегі өзекті мәселелерді қозғап, ұсыныстар жасады.  

Жастар студенттік филармонияның өнерпаздары дайындаған мерекелік концертті тамашалап,  жаңа жылдық сыйлықтарға ие болды.