Қараша айының басында қонақжай Павлодар мемлекеттік университеті Лестер университетінің (Англия, Лестершир графтығы) стратегиялық серіктестік жөніндегі департамент басшысы Майкл Гринді қонақ етті.

Доктор Грин Павлодар мемлекеттік университетіне оқу бағдарламалар және пәндер кешені бойынша ынтымақтастықты дамыту мұратын көздеп келіпті. Грин мырза мақсат-міндеттерін С. Торайғыров атындағы ПМУ мен Лестер университеті арасындағы ынтымақтастық туралы 5 жылдық меморандумға қол қоюмен бекітті.

Лестер университеті 1921 жылы құрылып, бүгінде әлемнің 200 үздік жоғары мектептері қатарына енген. Әлбетте, қазақстандық жоғары оқу орнының жоғары рейтингті университетпен ынтымақтастығы теңдесіз қадам саналады. С. Торайғыров атындағы ПМУ – Лестер университетімен бірлескен оқу бағдарламаларын жүзеге асыратын еліміздегі жалғыз оқу орны.

ПМУ мен Лестер университетінің ынтымақтастығы халықаралық аккредитацисы бар бизнесті басқарудың магистрі дәрежесін (MBA, Master of Business Administration) алу бойынша бағдарламалар енгізуді мақсат етуде. Мұнымен қоса, меморандум ПМУ студенттеріне, оқытушыларына, профессорлары мен қызметкерлеріне арналған академиялық ұтқырлықты іске асыруды және ағылшын тілінде білім алу бойынша әлемнің ең ірі жоғары оқу орындарына түсу үшін жоғары сынып оқушыларын дайындау үшін «Foundation» бағдарламасын жасауды көздейді.

Майкл Грин ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың табысты болатынына сенім білдіріп, қазақстандық және британдық университеттер арасындағы серіктестіктің Қазақстанда Назарбаев университетінен өзге басқа жоғары мектептерде жоқ екенін айтып өтті.