Жуырда қонақжай С. Торайғыров атындағы ПМУ әйгілі National Geographic журналының журналисі, фоторепортер, Монтана университетінің оқытушысы, Western Horseman журналының редакторы Райан Белді қарсы алды.

Р. Белл мырза – жылқыларды фотокамераға бейнелеудің кәсіпқой маманы.  Ол фотографтардың Ұлттық географиялық қауымдастығында бұл қасиетті жануарлардың танымал білгірі ретінде танылған әрі көп жылдардан бері жылқылардың өмірін суреттеген фоторепортаждары үшін талай бас жүлделерді иеленіп келген кәсіп иесі. 

Қазақстанға келмес бұрын Райн Билл Ресейде болып, жылқылардың тіршілік ортасын зерттеумен айналысқан. 

Қонақ Қазақстанда жылқыларды терең қастерлейтінін тез-ақ аңғарыпты. Оның айтуынша, қазақ жеріндегі жылқыға деген құрмет номадтар тарихынан бастау алады. 

Қазақстанды басқа елдермен салыстыра келе фототілші Монтана штатында жылқыларды құрметтейтінін ескеріп, олардың тек қазақтар секілді жылқы етімен ауқаттанбайтынын айтты. Белгілі фототілші әзілдеп айтса да, сөзінде зіл бары анық. Дегенмен, қонақ көшпенділердің мұрагерлері ретінде қазақтардың мәдени мұрасы мен ұлттық ас ерекшеліктерін  құрметтеп, зор бағалады. 

Райнн Белл қай ауыл, қай мекенге келсе де алдымен сол жердің жылқыларының тіршлігімен танысады. Оны қай жерге барса да «шетелдіктер біздің жылқылар туралы не біле алады» деген оймен күтіп алады екен. Алайда, қонақтың сөзінше, оның өмірі жылқылармен, мал және ауыл шаруашылығымен байланысты. Сондықтан, ол қасиетті жануарға қатыстының бәрінен хабардар. 

Қонақ өз сөзінде әлемге танымал «ковбойлық» феномені  шын мәнінде бастауын көшпенділердің атамекені болған қазақ даласынан алатынын айтады. Өйткені, көшпенділер үшін жақсы арғымақ даланың қаһарлы климатында сенімді серігі болған.