С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде түлектердің дәстүрлі жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкеде түлектер жұмыс берушілермен кәсіби әңгімелесуден өтіп, жұмыс берушінің талаптарынан хабардар болып, еңбек нарығының жағдайын білуге мүмкіндік алды. Соңында жас мамандар қызығушылық танытқан бос жұмыс орындарына түйіндемелерін қалдырды.

Жәрмеңкеге Павлодар облысы және Павлодар қаласының жетекші кәсіпорындары мен мекемелері қатысып, жас мамандарға өз мекемелеріндегі бос жұмыс орындарымен таныстырды. 

С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың академиялық қызметті басқару департаменті басшысы Зинаида Жанпеисованың мәлімдеуінше, университет тәжірибелі жұмыс берушілермен келісімшарттар жасап, студенттердің тағлымдамасы үшін орындарды айқындайды, ал кәсіпорындарда студенттер кәсіби дайындығын көрсетіп, кейін сол компанияларда жұмысқа орналасады. 

– Университет жәрмеңкені студенттер мен жұмыс берушілер арасында байланыс орнату, студенттерге бос жұмыс орындары туралы ақпаратты беру, ал жұмыс берушілерге жұмысқа қабылдау үшін әр үміткермен жіті танысып, іріктеп алуына мүмкінідік жасау үшін өткізеді. Бұл жәрмеңке – кәсіпорындар жоғары оқу орындарымен бірлесіп кадр дайындағысы келетіндігінің айғағы, – дейді Зинаида Масағұтқызы. 

Жәрмеңкенің барлық қатысушыларына 2016 жылығы түлектердің түйіндемелік буклеті таратылды. 36 кәсіпорындар мен мекемелерден түскен сұрасныстар бойынша 224 бос жұмыс орындар базасы құрылды. Бос жұмыс орындар жайлы мәлімет түлектерге жеткізіліп, университеттің білім порталына енгізіледі.