Қазақстандық студенттердің шетел тілін меңгеру деңгейі әлемдік жоғары білім кеңістігіндегі ықпалдастыққа өз септігін тигізетіні анық.

Жоғары оқу орындарындағы үштілді білім берудің жаңа үлгісін енгізу бағытындағы шаралар Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында нақты айшықталған. 

Көптілді білім беру бағдарламасы С. Торайғыров атындағы ПМУ-да 2012 жылдан бері іске асырылып келеді. Бірінші кезең 2014-2016 жылдар аралығын қамтыса, екінші 2016-2020 жылдар аралығында жалғасын табатын болады.

Павлодар мемлекеттік университеті үштілді білім беруді оқу ордадағы көптілділік ортаны құру және білім алушылардың кәсіби біліктілігін дамытуға жағдай жасау арқылы енгізуді көздеп отыр. Сондай-ақ, бұл қадамдар ағылшын тілінде оқулықтар, оқу әдістемелік құралдар және оқу бағдарламаларының тілдік білім үлгісін дайындауды нысанаға алып отыр. Оқу құралдарын электрондық тасмалдаушы құрылғы нұсқасында жасау да жоспарда бар. 

Университетте үштілді білім беру бағдарламасын дамыту жұмыстары 2013-2014 оқу жылында бакалавриаттың 5 және магистратураның 5 мамандықтары бойынша оқытудан бастау алды. Ал 2015 жылы бұл мамандықтар саны 10 бакалавриат және 6 магистратуралық мамандықтарға артты. 

С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариевтің пікірінше, оқу үрдісіне үштілді білім беруді енгізу арқылы жаһанның белгілі ғалымдары мен мамандарымен ғылыми және кәсіби диалог орнатуға зор мүмкіндік туады. 

– Сапалы, толыққанды білім және кәсіби қабілеттерді арттыру үшін ғылым мен техниканы игерген жөн. Бұл мақсатта шетел тілін білу керек. Қазақстан дүниежүзінің бәсекеге қабілетті отыз мемлекеттері қатарына енуді жоспарлап отыр. Және де әр қазақстандық түлек бәсекеге қабілетті болуы қажет. Демек, үштілділік әлемдік қауымдастыққа ықпалдасу мүмкіндіктеріне жол ашады, – деді Арын Амангелдіұлы.