С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Болашақ журналист» облыстық байқауы қорытындыланды.
Байқауға Павлодар облысының бас редакторлар клубы мен С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың журналистика кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамы бірлесіп ұйытқы болды. Ұйымдастырушылар бұл байқау арқылы журналистикаға қызығушылық танытқан мектеп оқушыларының шығармашылық мүмкіндіктерін көрсетіп, таныту мақсатын тұтты.
Бұл додада облыстың мектеп оқушылары бақтарын сынады. Әділ қазылар алқасының ұйғарымымен әр ауданның үздіктерді анықталып, жеңімпаздарға диплом табыс етілді.
Жас қонақтарға Павлодар облысы бас редакторлар клубының төрағасы Мұхит Омаров ағалық ниетімен келелі кеңесін беруден аянып қалмады.
– Журналист әрдайым білім жинап, ізденумен жүреді. Мұны байқауға қатысушылардың еңбектерінен байқауға болады. Оқушылар өз мақалаларына қызықты ақпараттық себептер тапқан. Менің ойымша, болашақ журналистер шынайы да ерекше материалдар дайындап, қабілеттерінің жоғары екенін көрсетті, – деді Мұхит Мүрсәлиұлы.
Жүлдегерлерді жеңісімен гуманитарлық-педагогикалық факультеттің деканы Әмірғалы Бегімтаев құттықтап, өз сөзінде байқаудың жасөспірімдер мен жастар арасындағы журналистиканы дамытуына, сондай-ақ, жастардың шығармашылық қабілеттерінің ашылуына жол салатынын атап өтті.
Журналистика сарапшылары өздерінің бай тәжірибесімен бөлісіп, болашақ журналистерге кәсіби кеңестерін берді.
Кездесудің соңында оқушыларға университет бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Жас қонақтар С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың мұражай кешенімен, оқыту телеарнасының студиясы және ПМУ студенттік радиосымен танысты.