С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде жас кәсіпкерлерге арналған «PSU startup weekends» шарасы өтуде.
Бұл шараның шеңберінде студент кәсіпкерлерге арналған бизнесті бастауды және кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрететін шеберлік сыныптар мен тренингтер өтті.
Тренингтер бизнес идеялар қайдан шығады, идеялардың қалыптасуы және бизнестің негізін қалау жолдары, бизнес идеяның тұсаукесерін жасау туралы бағыттарға өзек болды.
Сондай-ақ, жас кәсіпкерлер командамен бизнес ойындар ойнады. Олар университет асханасындағы, киім бөлмесіндегі кезектер және т.б. мәселелерге қатысты өз шешімдерін ұсынды. Сонымен қатар, қатысушылар идеяларының бизнес-питчтерін қазылар талқысына салды. Бұл күні менторлар қызметін өз ісінде жетістікке жеткен табысты кәсіпкерлер атқарды.
Бизнес идеялар сайысын әділ қазылар алқасы былайша қорытындылады: үшінші орынды энергетикалық факультеттің докторанттары Александр Потапенко, Александр Антонцев және Александр Нефтисов өзара бөлісті. Екінші орын гуманитарлық-педагогикалық факультеттің студенті Полина Гизбрехтқа бұйырды. Бірінші орынды химиялық технологиялар және жаратылыстану факультетінің докторанттары Зарина Серғазинова, Әсел Оралова мен Әлия Биткеева иеленді.
Жеңімпаздар ПМУ-дың Стартап Академиясының клубтық карталарының иегерлері атанды. Бұл карта оларға Академия ұйымдастырған барлық шараларға қатысып, кәсіби машықтануына жол салады. Ал бірінші орын иегерлері өз бизнес жобаларын жедел дамытуына (бизнес-акселерация) мүмкіндік алды.
Студенттердің кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренуге бағытталған кездесулері әр демалыс сайын жалғасын табатын болады. Сондай-ақ, С. Торайғыров атындағы ПМУ Стартап Академиясының ұйымдастырушылары «PSU startup weekends» шарасын жергілікті және қазақстандық кәсіпкерлерінің қатысуымен келесі оқу жылында да жалғастыруды көздеп отыр.