Бүгінде С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті үздіктер қатарында. Жуырда ғана ПМУ оқу порталы жоғары оқу орындары сайттарының әлемдік «Вебометрикс» рейтингісі бойынша елімізде және Орта Азия елдері жоғары мектептері арасынан үздік бестіктен көрініп, топ жарды. Соңғы жылы альма-матер тек Қазақстанда ғана емес, жаһандық деңгейде танылуда. Университет ректоры Арын Өрсариевтің айтуынша, бұл тек бастамасы ғана.
– Арын Амангелдіұлы, былтыр сіз бұл кабинетке ректор ретінде алғаш аяқ бастыңыз. Сол уақытта не сезіндіңіз?
– Бірінші кезекте жауапкершілікті сезіндім. ПМУ – тек оқу мекемесі ғана емес, кадрларды дайындау жүйесіндегі жүйе құрушы элемент.
Біздің университет Павлодар өңірінің дамуына, оның басқару және инженерлік-техникалық элитасының қалыптасуына ерекше ықпалы бар. Бұған сандар дәлел. Әрбір ҰБТ тапсырған азамат ПМУ-ға оқуға түседі, нәтижесінде ПМУ-дың әрбір үшінші түлегі – басқарушы, әрбір екіншісі инженерлік-техникалық және мемлекеттік қызметкерлер.
– Биылғы жыл сіз үшін қандай болды? Алға қойған мақсат-міндеттеріңіз жүзеге асты ма?
– Әлеуметттік сауалдар бойынша облыс әкімінің орынбасары болып қызмет етіп жүрген уақытта ПМУ-ға бірнеше рет келгенмін, ал конкурстан өтіп, ректорлық қызметке тағайындалғанда менің алдымда айқын мақсаттар болды.
Біздің оқу ордамыз Павлодар облысының әр саласына ықпал ете алады. Біз бұл іске әр студентіміздің, ғалым мен қызметкеріміздің атсалысқанын қалаймыз.
Бұл үшін мен алдыма негізгі төрт мақсатты қоямын. Бірінші – біздің түлектердің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі көрсеткіші жұмысқа орналасумен ғана шектелмей, еңбек ақысының тұрақты өсуімен өлшенетініне сенімдімін. Бір жыл бұрын осында келгенімде, 2014 жылғы түлектеріміздің соңғы сегіз айдағы орташа еңбек ақысын есептедік. 65,6 теңге шықты. Жабыла атқарған еңбегіміздің арқасында бұл көрсеткішті өсірдік. Қазіргі күні бұл сан 87 мың теңге болды.
Екінші мақсат – біздің оқытушылар бүгінгі еңбек ақысынан да көп ақыға қол жеткізгенін қалаймын. Бұл мақсатта біз ғалымдарымызды бүгінгі нарықтың қажеттіліктірне сай бағыттап отырмыз. Нәтижесінде, зерттеуге қаражат бөлетін адамдар оның құнын түсініп, бұрынғы берілетін қаражаттан көп беруде. 2013-2014 жылдары ғалымдарымыз шамамен жалпы саны 100-120 миллион теңге тапса, ал 2015 жылы бұл сан 160 миллионға дейін жетті. Бұл да әлі жеткіліксіз.
Бізге зерттеулерімізді коммерциялық негізде көбейтуді немесе өз өнертабыстарымызды коммерцияландыруды қолға алу қажет. Мен университетте осы істі дамытқым келеді. Біз неғұрлым өзіміздің білімімізді сата білсек, соғұрлым оларға нарықта қажеттілік туады, және біз студенттерімізге сапалы білім береміз, оқытушыларымызды одан әрі ынталандырамыз.
Үшінші мақсат – халықаралық ғылымға ықпалдасуымыз қажет. Бұл үшін біз әрдайым өз зерттеулеріміздің нәтижесін танымал халықаралық басылымдарға жариялап отыруымыз керек. Бұл бағытта да біз көп болмаса да тұрақты өсіп келеміз.
Ал барлық университеттердің негізгі наны – студенттер турасында айтар болсам, 2015 жылы біз алдағы жылдан қарағанда 20 пайыз артық талапкерлерді жинадық. Бұл жеңіс, алайда, бұдан да көп нәтижеге жеткіміз келеді. Айта кетерлігі, біз бұл жағынан тек павлодарлық жоғары оқу орындарымен ғана емес, астаналық, алматылық, омбылық, томбылық және новосібірлік, сондай-ақ, Қытай, Гермения, Чехия оқу орындарымен де бәсекелес екенімізді ұмытпағанымыз жөн. Шамамен 20 пайыз мектеп түлектері облыстан кетеді, алдағы уақытта біз бұл санды азайтқымыз келеді.
– Сіз қазақстандық және шетелдік (Сорбона) ЖОО студенті болдыңыз. Әрине, бұл оқу орындарын салыстыруға келмес, дегенмен, бұл екі жүйенің қандай кемшіліктері мен артық тұстарын атап өтер едіңіз.
– Бірден айта кетейін, батыстық білім беру жүйесін үздік деп әсте, айтуға болмайды. Қазіргі таңда оқытудың сан алуан әдістемелері бар. Мәселен, Оксфорд және Кембридж – бұл оқу орындары зерттеу жұмыстарына ден қойған жеке білім беру бағытын ұстанады. Гарвард – «кейстер» патшалығы, студенттер дәрістер мен семинарлар тыңдап қана қоймай, зерттеу саласындағы үздік мамандардың нақты өмірлік тәжірибелерін талқылайды. Жалпы жақсы америкалық мектептер инновация арқылы қаражат табуды көздейді. Ал оқытушылар онда дәріс беруді емес, жақсы жобаларды қаражат көзі етеді. Біз де осы жолмен жүргіміз келеді.
Заманауи қазақстандық мектеп – бұл ұстаз-ғалым және оқытушы екі мамандығын бөлек қарастыратын кеңестік дәстүрлі мектептің жалғасы деп саналады. Тарих осылайша өрбіді, бізде Ғылым академиясы ғана ғылыммен айналысты, ал батыста – университеттер ғылыммен айналысады. Міне, бұл кеңестік білім беру жүйесінің ерекшелігі. Қазір біз өзге білімді, оқулықтарды алып, осында оқимыз. Бұл, жалпы, қалыпты жағдай. Егер біз алға қарай жылжуды жән қаражат табуды мұрат етсек, онда біз өз білімімізді жасауымыз қажет.
– Бұл жерде мен сізбен келісемін, өкінішке орай, көп жағдайда жоғары оқу орындарында ғылым кейінгі орынға жайғасады. Ғылыммен айналысып жүргендер көп уақытын студенттерді оқытуға жұмсайды, өнертабыстардың көбісі тәжірбиге енгізілмей, шаң басып жатады. Бірақ бұл мәселеге сіздің көзқарасыңыз басқаша.
– Мүлде басқа. Біз тек зерттеу жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, зерттеулік-кәсіпкерлік университет болғымыз келеді. Бұл үшін біз барлық бірінші курс студенттерін халықаралық деңгейде кәсіпкерлікке оқытамыз. 2015 жылдың күзінен бері бізге Селиконды алқаптағы Крол институтының директоры Алекс Крол дәріс оқуда. Арнайы курс тәмамдаған мұндай адамдар бір орында тұрмай, алға жылжуды мақсат етеді. Студенттер де, қызметкерлер де кәсіпкерлікпен айналысып, қаржат тапқанын дұрыс санаймын. Мен университетке келгенімде бизнеспен айналысып жүрген төрт-бес студент ғана еді, қазір олардың саны жиырмаға жетті. Биылғы оқу жылының соңында бұл сан тағы өседі деп ойлаймын. Қазірдің өзінде ПМУ-дың әрбір үш жүзінші студенті кәсіпкер. Асылында, біз түлектердің жұмыс іздемей, өздеріне және басқаларға жұмыс орындарын құрушы болғанын қалаймыз.
Сондай-ақ, университет қабырғасында жасалып жатқан зерттеулер бірінші кезекте қоғам игілігіне жаруы қажет. Бүгінде Павлодардың басты үлкен мәселесі – экология. Жақында университет қабырғасында экологиялық технологиялар жөніндегі құзырет орталығы өз жұмысын бастады. Біз тәжірибеге енгізуге дайын он шақты жұмысты дайындадық. Мәселен, алюминий зауытының металл кендеріндегі қалдықтарын өңдеу әдісі. Зерттеу жобасы біздің өңірдегі басқа да өндіріс орындарына мысалы, «Кастинг», «KSP Steel» кәсіпорындарының қажетіне жарап қалар. Мұнымен қоса, біз көмір шаңын брикеттеуді де іске асырамыз. Тағы бір жоба – мұнайды өңдеу процесіндегі қажетті катализаторлар. Бұл жоба ПМХЗ шығаратын зянды қалдықтарды азайтуға бағытталған. Мақсат – технологияларды тәжірибеге енгізу. Бұл технологияларды енгізу және сатып алу үшін қаражат салуына біздің кәсіпорындардың келісімі бар.
– Мұның бәрі ПМУ-дың Қазақстанның үздік университеттері қатарында болуына ықпал ететіні сөзсіз...
– Ия, ПМУ Қазақстан университеттерінің үздік бестігіне кіреді. Бұл қазақстандық өлшем бойынша өте жақсы баға. Бірақ, бізге алға жылжу керек. Жанымызда әлемнің 400 үздік университеттері қатарындағы Новосібір, Томбы университеттері бар. Бұл біз үшін ең үздік көрсеткіш емес. Бізге Томбы, Омбы, Барнауыл, Астанамен бәсекелес болу үшін даму, өсу керек, мықты серіктестеріміздің болғаны абзал. Сол себепті біз Стэнфордпен қарым-қатынас орнаттық, биыл күзде бізге жаһанның үздік отызыдығы қатарындағы Дьюк, Колумбия, Оксфорд, Кэмбридж университеттерінен оқытушылар келді. Сонымен қатар, біздің үздік ресейлік және азиялық университеттермен де ынтымақтастығымыз артуда. Біз серіктестерімізден ең жақсылары мен үздіктерін алып, жоғары деңгейге көтерілуіміз қажет.
Егер сіздер әлемнің алғашқы 100 университеттерін қарап отырсаңыз, оның көбісі ағылшынтілді оқу орындары екенін байқауға болады. Сондықтан, біз ағылшын тілі деңейін көтеру мақсатын межеге қойдық. Ағылшын тілін үйренудің қосымша курстары және TOEFL орталығын құрып, TOEFL-ді тапсыру мүмкіндігін енгіздік. Білімді іске асыру мақсатында «Болашақ» орталығын аштық. Біз студеденттерге осында білім беріп қана қоймай, ары қарай дамуына жол сілтеп, бағыттаймыз. Бұл біздің интернациландыру бағытындағы басты міндет. Ол тек студенттерге ғана емес, оқытушыларға да қатысты.
Енді, артықшылығын айтайын, шетелдік оқытушылар мен студенттерді біз өзімізге көптеп шақырар болсақ, халықаралық ұйымдардан қаржы тартып, сәйкесінше, материалдық-техникалық базамызды нығайтып, студенттерге беретін білімнің сапасын арттыра түсетініміз анық.
– Сіз облыс әкімінің орынбасары бола жүріп Қазақстан жастары конгресін басқардыңыз, жастар саясаты мәселелерін шешуге атсалысып жүрдіңіз. Бір сөзбен айтқанда, сіздің кәсіби жолыңыз әрдайым жастармен байланысып келді.
– Ия, бұл менің қазіргі жұмысыма көп септігін тигізіп жатыр. Мен біздің студенттерді түсінемін, олардың мәселелерін білемін, немен өмір сүріп, қызығушылығы не екенін білемін. ЖОО оқу үрдісін бақылау және қамтамасыз етумен ғана айналысып қоймай, жас азаматтардың өміріне араласып, олардың бос уақыттарын пайдалы өткізуіне, қаражат табуына, өз ісінің маманы ретінде қалыптасуына және жақсы азамат болуына себепші болуы керек деп есептеймін.
Ал жастар саясатының дамуына келер болсам, жастарды үш топқа бөлер едім: девиантты, конструктивті және бәсекеге қабілетті. Кез келген жастары бар ұжымның міндеті – девиантты жастардың азайып, бәсекеге қабілеттілердің көбеюін қамтамасыз ету. ПМУ-да белсенді және бәсекеге қабілетті жастар білім алуда. Олардың әрбір жүзіншісі әртүрлі спорттық, шығармашылық, зияткерлік және басқа да байқаулардың жеңімпаздары. Менің міндетім – бұл санды ұлғайту. Сол себепті, біз көшбасшылық курсын, тренингтер өткізіп, жастар ұйымын дамытудамыз. Олардың саны 12 еді, қазір сандары артып келеді. Дегенмен, әңгіме ұйымдардың санында емес, тегінде олардың қаншалықты жастрады өз жұмыстарына тарта алуында, жұмыс сапасында. Біз сапаны арттыруға көп мән береміз.
– Руханият, ұлттық мәдениет, азаматтық белсенділікті дамыту және оны насихаттауда ПМУ-дың ролі маңызды екені белгілі. ЖОО одан әрі қарай да осы мұраттарын дамыта бермек пе?
– Әрине, біз тоқтаған да емеспіз. Біз белгілі жерлесіміз Әлкей Марғұланның энциклопедиясын жазып жатырмыз. Ол Қазақстан тарихы, этнографиясы, этнологиясы үшін көп еңбектер жасап кетті. Сонымен бірге, Жүсіпбек Аймауытов бойынша зерттеулерімізді жалғастырып келеміз. Бұдан өзге, бізде Мәшһүр Жүсіп атындағы ғылыми-практикалық орталық жұмыс жасайды. Бұл жұмыстар жасала бермек, ал нәтижесі қоғам игілігіне табыс етілетін болады.
Біз университет ретінде руханиятқа өз үлесімізді қосуды жалғастыра береміз. Қоғам біздің руханият пен мәдениет бағытында атқарған істеріміздің жемісін: ажырасудың азаюуы, отбасының беріктігі, еңбек сапасының артуы, қылмыстың азаюы, патриотизмнің артуы және Павлдар облысынан кеткісі келмейтін қимастық сынды қасиеттерге көзайым болса игі. Өйткені, бізде өмір сапасы жоғары, жұмыс орындар бар. Мен бұл жақтан көшіп кетіп жатқан адамдарға қарап, қынжыламын.
– Сіз бұл өңірдің тумасы болмасаңыз да бұл жерге туғанындай бауыр басып кеткендейсіз. Сізді тыңдап отырып, Павлодарға деген сүйіспеншілігіңіз басым екенін аңғарамын. Мен қателеспеймін бе?
– Мен жалпы кім қайда туылып, қайда тұрып жатса да, Қазақстанның патриоты болу әр азаматтың парызы деп санаймын. Бұл – біздің жалпы ортақ Отанымыз. Менің тамырым Алматы қаласында жатыр, алайда, соңғы жылдары Павлодар облысы маған туған елімдей жақын, себебі, осында өркен жайып келемін. Павлодарда менің қызым дүниеге келді, ұлым алғашқы қадамдарын осында жасап, өсіп келеді, үлкен қыздарым павлодарлық мектептерде білім алуда. Мен сізге айтайын, олардың ешқайсысы Павлодардан кеткісі келмейді. Бұл қала – біздің туған қаламыз. Біз павлодарлық болып кеттік, біз Астанада, Алматыда ұзақ жата алмаймыз. Онда болғанымызда балаларым «әке қашан үйге барамыз» деп мазамды алады. Павлдардың Ертіс өңірі – бұл ерекше мекен, мұнда тамаша адамдар тұрады. Біз өндірістік орталық болғандықтан, 90-ыншы жалдардағы қиындық басқа өңірлерден қарағанда бізге ауыр тиді. Бірақ, бұл қиындықтарға бізді шыңдай түсті. Содан болар біз қиындықтарға қасқайып қарап, жеңіске жетеміз. Бұл өңірдің тұрғындары жарқын болашағына сенеді, еш қиындыққа қарамастан жақсыдан үмітті. Біз оптимистпіз. Менің ойымша, бұл біздің ең мықты қасиетіміз.
Қаланың ең әдемі жерлері туралы сағаттап айтуға бармын. Павлодарда мені туған мекені жайында әңгімесімен қуанышқа бөлейтін жандар бар, мен оларды құрметтеймін, олармен доспын.
Мен Потанин атындағы музейді жақсы көремін. Қандай қонағым болса да сол музейге алып келемін. Онда қызықты экспонаттар көп. Соларға қарап, Павлодар облысының ғана емес, Қазақстанның, әлемнің, өркениеттің тарихын зерттеп, зерделеуге болады. Ондағы таныстырушылар қандай, десеңші! Бұл Қазақстанның өлекетану музейлерінің ішіндегі ең үздігі. Мен өзім онда жиі болғандықтан ба, өзім де төрт сағат бойы экскурсия жүргізуге дайынмын.
Мен павлодарлық театрларды ұнатамын. Осында келместен бұрын өзімді театрды сүйетін азаматпын деп айта алмайтын едім. Театрға деген махаббатым Чехов атындағы драмалық театрдан басталды. Мен Виктор Валентинович Аввакумовты құрметтеймін және Қазақстандағы театр менеджерлерінің үздігі деп есептеймін. Ол экономика мен шығармашылық арасындағы жікті тамаша ұштастыра білді. Оның ұжымы береке мен бірліктің ұйытқысы болып келеді. Онда келушілер санына астаналық театрлардың өздері қызыға қарайтыны шын. Өйткені, репертуары, режиссерлері, авторлары бәрінен ерекше!..
Мен Юрий Димитревич Поминовті ерекше құрметтеймін. Оның еңбектерін барлығына оқуды кеңес беремін. Сонымен қатар, Джафар Джафарович Махмудовпен таныстығыма ризамын. Павлодарлық трамвайлар – оның еңбегінің жемісі. Қанша жыл өтсе де, сағат механизмі секілді әлі күнге дейін жаңылыспай жүріп келеді. Бұл деген таңғажайып емес пе?! Трамвай – Павлодардың ерекшелігі. Ал Әби Сарқыншақұлы Сарқыншақов, Наум Григорьевич Шафер... Бұл кісілер аңыз адамдар. Олармен мен осында таныстым.
Облыс тұрғындары сияқты мен де Баянауылды сүйемін. Тағы да Шарбақыты ауданын ұнатамын, әсіресе, талдар бүршік атқан мамыр айында онда ерекше әдемі. Осы уақытта орманға барған қандай, керемет! Және онда Ғабдул-Уахит хазірет кесенесі бар. Мен ол жаққа жылына екі рет барып, жан рахатын сезініп, демалып қайтамын.
Ал Ертіс өзені қандай әдемі! Бұл Қазақстанның ең ірі өзені. Қарағандылықтыр, шымкенттіктер, алматылықтар үлкен өзеннің қандай болатынын білмейді. Сондықтан, қонақтарымызға өзеннің әсемдігін көрсетіп, теплоходпен серуенге шақырамыз. Әсіресе, серуен шетелдіктерге ұнайды. Олар табиғаттың бұл әдемілігін суретке, бейнеге түсіріп, әуре болып жатады. Міндетті түрде қонақтарды павлодарлықтардың армандары орындалатын көпір астына апаруды да ұмытпаймыз.
– Сіздің бірнеше тілді меңгергеніңіз шетелдік қонақтармен араласуда көп септігін тигізетін болар.
– Ия, мұны үлкен артықшылық деп ойлаймын. Шет тілдерін игеруге деген қызығушылығым мектеп кездерінен басталды. Ол кезде мен француз тілін үйрену тобына барып жүрдім, ал анам ағылшын тілін білгендіктен, мен өздігімнен сол тілді үйрендім. Кейін университетте оқып жүргенімде ағылшын тілін игеріп кеттім. Шетелде жүргенде, аудармашыға жүгінбей-ақ бұл тілде өз ойымды еркін де ашық жеткізе аламын. Сондай-ақ, базалық испан тілін білемін, бұл тіл француз тіліне ұқсас. Мен Кубада бір ай болғанымда, арнайы уақыт бөліп оқыдым. Қазір қытай тілін игеруді қолға алдым. Қытай тілі – ағылшын тілінен кейін кең таралған тіл. Оның үстіне, Қытай көршілерімізбен біздің университет ынтымақтастықты нығайтып келеді. Былтыр ПМУ Шанхайда қазақ тілін дамыту орталығын ашты, енді өзімізде қытай тілін дамыту орталығын ашсақ па деп көздеп отырмыз.
– Сіздің тілдерді үйренуден өзге, басқа да қызығушылықтарыңыз бар ма? Және бастысы, сізде осы қызығушылықпен айналысатын уақыт табыла ма?
– Караокеде ән салғанды ұнатамын. Мен әнді жақсы айтпайтын шығармын, дегенмен, жүрегіммен ән саламын. Киноға барғанды ұнатамын. Біз отбасымызбен бірге қалалық мәдени шараларға – театрға, киноға, көрмелер мен концерттерге жиі барып тұрамыз.
Мен барлық бос уақытымды отбасыма арнаймын. Біздің шаңырақта төрт баламыз бар. Менің өмірімдегі ең қуанышты да қымбат сәттер осы балаларымның қасында өтуде. Мені үйге келгенімде бір жарым жастағы кішкентай қызым қарсы алады. Кішкентайымыз қолдан-қолда жүреді, бәрінің еркесі. Мен оның «әке» деген сөзін естігенде барлық күйзелістер мен мәселелер жоқ болып кетеді.
– Сіздердің жоғары оқу орындарыңыз талапкерлер мен магистранттарды қабылдау бойынша өзінің бәсекелестерін артқа қалдырды, алайда, сіздің келуіңізбен ақпараттық кеңістікте біздің өңірдегі жоғары мектептердің арасында достық сезіледі. Бұл жөнінде не айтасыз?
– ПМУ, ИнЕУ, ПМПИ және ЕИТИ бәріміз бір ортақ істі жасап жүрміз, бірге екенімізді ұмытпаған жөн. Біз бәріміз де студенттеріміздің сапалы білім алуына, лайықты жұмыспен қамтылып және біздің тұрғындардың облыстан шетелге кетпеуіне мүдделіміз. Біз білім алушыларға, гранттарға келгенде бәсекелеспіз, бірақ, ортақ мақсатымыз – өңіріміздің дамуына өз үлесімізді қосып жатырмыз. Сондықтан, біз шынайы және спорттық бәскедегідей облысымыз бен еліміздің игілігі үшін тиянақты да лайықты еңбек етуміз тиіс.
http://obozrenie.kz/interview/6236-pgu-vyhodim-na-mirovoy-uroven.html
Ксения МИХЕД
Фото: Руфина ТОРПИЩЕВА
Аударған Жанар ЕЛЕШОВА