С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері мен магистранттарына саяси ғылымдарының докторы, Әулие Климент Охридский атындағы София университетінің профессоры (Болгария, София қаласы) Татьяна Дронзина дәріс оқыды.
Шетелдік ғалым студенттер мен магистранттарға мәдениет социологиясы, философия тарихы бойынша тәлім берді. Татьяна Дронзина өз семинарларында девиацияның социологиялық сараптамасы және философияның негізгі аспектілері мәселелерін қарастырды.
Татьяна Дронзина – халықаралық деңгейдегі тренер-медиатор, терроризмге қарсы әрекет бойынша сарапшы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы кеңестің сарапшысы.
София университетінің профессоры Павлодар мемлекеттік университетіне ҚР БҒМ «ҚР жоғары оқу орындарына шетелдік ғалымдарды тарту» бағдарламасы аясында дәріс берді.
Татьяна Дронзина Павлодар мемлекетік университеті мен София университетінің бірлескен жұмыстарының табысты болатынына сенімді.
– С. Торайғыров атындағы ПМУ Қазақстанның үздік деп танылған көпсалалы жоғары оқу орындары арасында топбасшылар бестігі қатарында. Болашақтағы мұраты – әлемнің үздік оқу орындарының бес жүздігіне ену екен. Бұл жетістіктерге оқытушылар мен білім алушылар өзара еңбек ету арқылы жететініне сенемін. Біздің ынтымақтастығымыздың әуелі студенттер, университет және қазақстандық қоғам үшін тигізер пайдасы зор болады деп есептеймін, – деді Татьяна Александровна.
– Екі жақ өзара ынтымақтастық меморандумына қол қою жоспарда бар. Осы құжат негізінде философия және әлеуметтік-гуманитарлық кафедрада үш бағыт бойынша оқыту курстары өтетін болады. Олар: зерттеу әдістері курсы, академиялық хат және магистранттардың семинарлары бағыттары бойынша жүреді. Бұл курстар білім алушылардың дипломдық жобаларын орындауға едәуір көмек береді және олардың кәсіби шеберліктерін толық игеруіне септігін тигізеді, – дейді С. Торайғыров атындағы ПМУ философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі м.а. филос.ғ.к., қауымдастырылған профессор Майра Қожамжарова.
Бұдан өзге, екі жақтық бірлескен жобаларды жүзеге асыру мақсатында студенттер, магистранттар мен профессорлық-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығы да қарастырылған.