С. Торағыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Ә.Х.Марғұлан атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының ғалымдары облысымыздың Лебяжі ауданында орналасқан Бөрлі қонысындағы кезекті маусымдық зерттеу жұмыстарын аяқтады.
Орталықтың ұйымдастыруымен өткен тарихи-археологиялық экспедициясының жұмысы нәтижесінде Павлодар облысы, Лебяжі ауданында неолит дәуіріне ( б.з.д.VI-V ғғ) жататын Бөрлі қонысында зерттеу жұмыстары жүргізілді. Көптеген жаңа археологиялық материалдар табылды (керамика, тастан және сүйектен жасалған бұйымдар). Экспедиция жетекшісі т.ғ.к., доцент Виктор Мерцтің айтуынша, материалдар бұрын табылған заттармен ұқсас. «Бөрлі тұрағында басқа тарихи ескерткіштерден қарағанда, көптеген керамика мен сүйектен жасалған бұйымдар молынан кездеседі. Әдетте энеолит дәуіріндегі тұрақтардан тастан жасалған бұйымдар табылып, үй тұрақтарының қалдықтары, керамика мен сүйектен жасалған заттар кездеспейді», – дейді Виктор Карлович.
Ежелгі адамдардың тұрағынан табылған заттар Қазақстанның солтүстік-шығысын мекен еткен тайпалардың мал шаруашылығымен айналысқанын айғақтайды. Палеозоологиялық материалдар бұл болжамды нақтылай түседі. Бұл – Қазақстан археологиясына үлкен жаңалық әкелді. Өйткені бұл жаңалық еліміздің территориясында қолға үйретілген жануарлардың жасын тағы екі мыңжылдыққа шегереді. Бұған дейін Қазақстан аумағында адамдар жануарларды 4-5 мың жыл бұрын қолға үйретті десе, енді бұл ескерткіште табылған мал сүйектері ондай құбылыс бұдан ертерек болғанын көрсетеді. Ғалымдар табылған бұл ескерткішті неолит дәуіріне жатқызып отыр. Елімізде бұл дәуірді Қостанай, Петропавл, Ақтау және Павлодардың ғылыми орталықтары зерттеп келеді. Алдын ала жүргізілген зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша ескерткіштің жасы шамамен – 6-7 мың жыл. Аталмыш ескерткіш Ертіс өңірінің жаңа тас дәуіріндегі мәдениетінің даму динамикасын бақылауға мүмкіндік береді. Тұрақтың жасын нақтылай түсу мақсатында, археологтар заттардың бірнеше үлгілерін Кембридж университетіндегі Макдональд институтына радиоқышқыл анализіне жіберді. Жақын арада алғашқы қорытындылары келуі тиіс. Виктор Карловичтің айтуынша, бұл ескерткіш әлі де көптеген жаңалықтар әкелетіні сөзсіз.
Экспедиция жүргізіп жатқан зерттеу жұмыстарға сонымен қатар, тәжірибеден өтіп жатқан Павлодар мемлекетттік университетінің археология және этнология кафедрасының студенттері де атсалысып жатыр. Мұнда студенттер археологиялық жұмыстарды жүргізу әдістерін, қазба жұмыстары мен материалды өндеуді үйренуде. Аталмыш факультетте оқыту-өндірістік базасы бар. Ал экспедиция аяқталған соң студенттер оқу кезінде жинақталған материалдармен жұмыс істеп, ғылыми-зерттеу ісімен айналысады.
Университет экспедициясы Бөрлі көліндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын 2011 жылдан бері жүргізіп келе жатқанын айта кеткен жөн. Осы уақыт аралығында көп еңбек атқарылып, мол тарихи мұра жиналды. Ежелгі тас дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейін жеткен құнды жәдігерлер орталық мұражайында сақтаулы.