С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің сәулет-құрылыс факультетінің студенттері «Жас ғалым» бағдарламасы бойынша «Экспоауылдың конпенциясын жасау» тақырыбында жоба әзірледі.
Жобаның мақсаты – ЭКСПО-2017 көрмесінің қонақтарын қарсы алып, оларды орналастыратын экспоауылдың концепциясын жасау.
Сәулет-құрылыс факультетінің деканы, т.ғ.д., профессор Марат Кудериннің айтуынша, жоба нұсқасы ЭКСПО комиссиясының қарауына жіберіліп, жоба жоғары бағаға ие болды. «Ұлттық құндылықтарымыз қашанда шетелдік туристер үшін қызықты, сондықтан да жобаны қазақ ауылының стилінде жасадық», – дейді Марат Қырықбайұлы.
Бұл ғылыми жұмыстар С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың сәулет құрылыс факультетінің ұйымдастыруымен өткізілді. Жоба жетекшісі С.Торайғыров атындағы ПМУ доценті Қабидолла Қасқырбаев төрткүл дүниені тамсандыратын халықаралық көрмеге студенттердің барынша дайындық жүргізіп жатқанын айтты. «Біздің студенттеріміз мәдени-сауықтыру орталығын, жатын бөлмелер мен ас ішетін бөлмелерді кешенді түрде орналастыруды ұсынып отыр», – дейді жоба жетекшісі.
С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың дарынды студенттері өз жұмыстарында Астанамызға деген зор ықылас, еліне деген ерекше сүйіспеншіліктерін осы жоба арқылы көрсете білді. Аталмыш жобаға барынша атсалысқан студенттердің бірі – Ботагөз Қамидолла. «Экспоауылда» қонақтар үшін 1500 орынға арналған екі қабатты бөренелі қонақ үйлер тұрғызылатын болады. «Мұнда туристер қаланың мазасыз өмірін бір сәтке ұмытып, қазақ ауылының тыныштығынан рахаттана алады», – дейді Ботагөз.
Жобаның жаңашылдығы – көрме қонақтарын қарсы алып, оларды экспоауылға орналастыру және оларға брендті әрі ұлттық нақышта қызмет көрсету болып есептеледі. Экспоауыл кешені құрамында ағаштан жасалынған екі қабатты қонақ үйлер мен этноорталық бар. Бұдан бөлек демалыс орындары, кафе, концерттік зал бар. Қонақ үйлерге қонақтар орналастырылып, оларға ұлттық-брендтік үлгіде қызмет көрсету көзделіп отыр.
Экспоауылды Астана қаласының маңындағы бірнеше ауылдардың маңына орналастыру жоспарланып отыр. Өйткені экспоауылда демалатын туристерге қызметті сол ауыл тұрғындары көрсететін болады. Экспоауылда қызмет ететін қызметшілер саны 250-ге жуық адам болады. Демек ауыл тұрғындары бірнеше ай жұмыспен қамтылмақ. Ауыл территориясында қымыз фермасы, атпен серуендеуге арналған база да болады. Мұнда қонақтар қымыз ішіп, атқа мініп серуендей алады.
Биіктігі – 35 метр, диаметрі – 60 метр болатын этноорталықта қазақтың бай тарихы, салт-дәстүрі және мәдениетімен таныс болады. Сырт пішіні киіз үйге ұқсас бұл орталықта көрме кезінде қонақтарға халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпынан көріністер көрсетілетін болады. Сонымен бірге, қолөнер шеберлері онлайн режимде қолөнер туындыларын жасап көрсетеді. Ауыл қонақтары оларға өздері қалаған бұйымдарға сол жерде тапсырыс беріп, жасата алады. Ал жазғы концерттік залда шығармашылық топтардың концерті өтеді. Этноорталық жиналмалы болғандықтан, оны ЭКСПО-2017 көрмесі аяқталған соң, басқа да шараларда пайдалануға болады.
Ағаштан салынатын бөренелі қонақ үйлер де жиналмалы болады. Сол себепті де мұндай үйлерді салуға көп қаражат пен уақыт жұмсалмайтын болады. Жоба жетекшісі Қабидолла Қыстаубайұлының айтуынша, бұл қонақ үйлер қызмет көрсету жағынан бес жұлдызды қонақ үйлермен бірдей.
Экспоауылға қажетті инфрақұрылым мен коммуникациялар жүйесі қарастырылған. Студенттер көрме кезінде ғимараттардың төбесіне күн коллекторларын және шағын гидроэлектростанциясын қолдануын ұсынып отыр.
«Экспоауыл» жобасын әзірлеп жатқандардың бірі – сәулет-құрылыс факультетінің студенті Шәкрәт Серікболдың ескеруінше, шетелден келетін қонақтар көрмеде ұсынылатын әлемнің ғажайыптарын тамашалап қана қоймай, қазақтың қандай халық екенін де танып-білулері керек. Осы орайда олар ұсынғалы отырған жоба өте маңызды екенін де атап өтті. «Егеменді елімізде есте қаларлықтай болып өтетін көрмеге аз да болсын тигізіп жатқан үлесім деп білемін», – деп өз ойын білдірді.