2013 жылдың 13 маусымында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Павлодар облысындағы «Қазақстан ғылымының күндері» аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Республикалық қоғамдық бірлестігінің Павлодар облысы бойынша өкілдігінің ашылу салтанаты болды.
Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын өз сөзінде: «Бұл – тарихи маңызды сәт. Аймағымыздың зиялылылары үшін ғана емес, облыс тұрғындары үшін зор мәртебелі абырой. Павлодар облысында Ұлттық Ғылым академиясының өкілдігінің ашылуын өңіріміздің ғылыми әрі интеллектуалды жетістіктері мен әлеуетінің мойындалғаны деп түсінген жөн. Бұл ұйымның алға қойған мақсат-міндеттері де асқақ. Ғылым мен білімнің жаршысы болған, мұраты асыл ұйым еліміздің және Павлодардың Ертіс өлкесінің ғылым көкжиегін кеңейтуге және ел әулетін өсіруге зор ықпал ететіні де сөзсіз», – деді.
ҚР ҰҒА Павлодар облысы өкілдігі өңіріміздің елге беделді де белгілі ғалымдарының басын қосты. Жуық арада өкілдіктің мүшелері инновациялық ғылыми-зерттеу жұмыстармен, білікті ғылыми қызметкерлерді дайындау, ғылыми жетістіктерімізді насихаттау, халықаралық, республикалық деңгейдегі байқауларға қатысу, Білім және ғылым министрлігі және де басқа мемлекеттік мекемелер ұйымдастыратын гранттық қаржы тігілген байқауларда бақ сынау, халықаралық көрмелерге дайындық жұмыстарын ұйымдастырумен айналысуды жоспарлап отыр.
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, э.ғ.д., профессор Серік Өмірбаев: «Аймағымыздың ҚР ҰҒА өкілдігі ғалымдары ғылым мен инновация саласында халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, соның ішінде симпозиумдер мен көрмелерді, әсіресе, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін ұйымдастыруға білек сыбана кірісетін болады. Бұл Павлодар облысының ғана емес, жалпы Қазақстан ғылымының өркендеуіне қосар үлкен серпінді күш болары анық», – деп мәлімдеді.
Павлодардың Ертіс өңірінің тумасы, әлемге аты мәшһүр ғалым, қоғам және мемлекеттің көрнекті қайраткері, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ҚР Ұлттық Ғылым академиясының алғашқы президенті болғаны жерлестерін зор абыройға бөлейді. ҚР Ұлттық Ғылым академиясы алғашқы жұмыс күндерінен бастап-ақ ғылымның үдемелі дамуы мен инновациялық тың жобаларды дүниеге әкелу сынды дәстүрлерінен бүгінге дейін жаңылған емес.