Цифрлық Наурызнама декадасы аясында Торайғыров университетінде Жаңару күніне орай Ауыл шаруашылығы ғылымдары факультетінің бастамасымен мазмұнды мәдени-танымдық іс-шара ұйымдастырылды. Аталған шара табиғаттың жаңғыруы мен рухани өрлеу идеяларын сабақтастыра отырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.
Бағдарлама ұлттық дүниетаным мен дәстүр сабақтастығын бейнелейтін сахналық қойылыммен ашылып, Жаңару күнінің мәні жан-жақты ашып көрсетілді. Қатысушылар қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, рухани мұрасы және ұрпақтар жалғастығы туралы тағылымды мәліметтер алды.
Сонымен қатар факультет кафедралары бірқатар шеберлік сабақтарын ұйымдастырды. Ағаш көшеттерін отырғызу бойынша тәжірибелік сабақ барысында табиғатты қорғау мен көгалдандырудың маңызы түсіндірілді. Бұдан бөлек, көшпелі халықтың ас дайындау және сақтау дәстүрлеріне арналған танымдық дәрістер өткізіліп, ұлттық құрал-жабдықтарды тиімді пайдалану жолдары көрсетілді.
Бағдарламаның мазмұнды бөлімдерінің бірі — ұлттық тағам талқанды әзірлеуге арналған шеберлік сабағы болды. Қатысушылар оның дайындалу тәсілдерін, тағамдық құндылығын және қазақ тұрмысындағы орнын тереңірек танып білді.
Сондай-ақ іс-шара аясында қазақтың дәстүрлі тағам дайындау мәдениетінің тағы бір қыры таныстырылды. Қатысушыларға қарынның ішіне май салу тәсілі көрсетіліп, оны әзірлеу технологиясы түсіндірілді. Сонымен бірге тарыдан дайындалған тағамдар ұсынылып, тары қосылған шай берілді. Қонақтарға тары мен майды араластырып дәм татқызу арқылы оның дәмдік ерекшеліктері мен тағамдық үйлесімі таныстырылды. Шеберлік сабағы барысында аталған ұлттық өнімдердің адам денсаулығына пайдасы ғылыми тұрғыда түсіндіріліп, олардың табиғи, құнарлы әрі «қазақы дұрыс тамақтану» үлгісі ретіндегі маңызы атап өтілді.
Бұл шара жастардың табиғатқа жанашырлықпен қарауын, ұлттық мұраны құрметтеуін, еңбексүйгіштік пен бірлікке ұмтылысын қалыптастыруға ықпал етті. Ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу, дәстүрді заманауи тұрғыда ұғыну және қоғамдық келісімді нығайту бағытындағы тәрбиелік мәні айқын көрінді.
Іс-шара соңында мерекелік эстафета Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультетіне табысталды.







