Торайғыров университетінде президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді тұлғаларымен кездесу өтті. Олар жас ғалымдар мен студенттерге сайлауалды бағдарлама туралы айтып берді. 


Кездесуге қалалық мәслихат депутаты Елена Яровенко, ToU ректоры Еркін Садықов және жастар саясаты, әлеуметтік және шаруашылық мәселелер жөніндегі проректор Ертарғын Шахман қатысты. 20 қарашада өтетін президенттік сайлау тақырыбы талқыланды. 

- Біз, ҚР президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді тұлғалары ретінде жиналған қауымға сайлауалды бағдарлама туралы ақпарат бердік. Бағдарламада жас азаматтар үшін жағдай жасау жағы қарастырылған. Олардың қатарында қоғамдық кеңестерде жастар квотасын енгізу, жас кәсіпкерлерге конкурстық негізде жылдық мөлшерлемесі 2,5% болатын жеңілдетілген несие беру, ерекше қажеттілігі бар жас кәсіпкерлерді қосымша гранттық көмекпен қамту шаралары бар, - деді Елена Яровенко.

- Студенттік жастар – қоғамымыздың қозғаушы күштерінің бірі. 10-15 жылдан соң қандай Қазақстанда өмір сүретініміз соларға байланысты. Сондықтан, студенттер саяси тұрғыдан белсенді болып, қайнаған оқиғаның ортасында жүру керек. Ел болашағы соларға байланысты, - деді Еркін Садықов.