Торайғыров университетінде ҚХА хатшылығымен бірлескен оқушылар арасында этникааралық қарым-қатынастар мен толеранттылықты қалыптастыру, этникааралық қақтығыстарды алдын алу тақырыбында семинар өтті. Шараға мектептердің оқу ісінің меңгерушілері қатысты.

Павлодар облысы бойынша ҚХА хатшылығының меңгерушісі Айнұр Раисова сөз алды.

Саясаттану ғылымдарының докторы Арман Ақышевтың айтуынша, этникааралық келісімнің қазақстандық моделі бірегей.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының басты миссиясы - сан алуандылықтағы бірлік пен әр этностың өз мәдениетін, дәстүрлері мен тілін дамыту мүмкіндігі. Сондықтан, этникааралық келісім аса өзекті мәселе болып табылады».

Қатысушылар этникалық топтардың қатысуымен болатын қақтығыстардың себептері мен түрткі болатын жайттарды жүйелендіріп, ықтимал деструктивті жағдайларды модельдеді. Үгіттеудің ой-санаға әсері мен этникааралық қақтығыстардың психологиялық аспектілерін зерттеді.

«Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» кафедрасының меңгерушісі Майра Қожамжарованың айтуынша, семинар қақтығысқа дейінгі және қақтығыстан кейінгі жағдайларды сараптауға арналған. Бұл өз кезегінде тәжірибені күнделікті өмірде пайдалануға мүмкіндік береді.

Тыңдаушыларға сертификаттар табысталды.