«Ақын өнерінің биік шыңы» Аманжол Шамкеновтың 85-жылдығына арналған атты әдеби-музыкалық кеш

13 желтоқсанда академик С. Бейсембаев атындағы ғылыми кітапхана тәрбие жұмысы жөніндегі бөліммен, филология факультетінің студенттерімен және лицей оқушыларымен бірігіп, Аманжол Шамкеновтың 85-жылдығына арналған «Ақын өнерінің биік шыңы» атты әдеби-музыкалық кеш өткізді.

Кешке Аманжол Шамкеновтың ұлы Ернар Шамкенов шақырылды.

2007 жылы Шамкеновтер отбасы ПМУ кітапханасының кітап қорына ақынның жеке кітапханасынан 400-ден астам кітаптар тарту еткен болатын. Бұл қазақтың көркем классикалық әдебиеті бойынша, әдебиеттану, фольклор, тіл білімі, шет тілдердегі әлемдік көркем әдеби шығармалар жинақтары және т.б. кітаптар болатын. Қазақ әдебиеті бөлімшесі мен оқу залдарында Аманжол Шамкеновтың эксилибристі басылымдары біздің студент-оқырмандарымыздың арасында үлкен сұранысқа ие.

Кеште қазақ филологиясының 1-ші, 4-ші курс студенттері: Смагулов Бекзат, Хошорбайқызы Сәулегүл, Имашхан Ақерке, Елшин Ақмарал және лицей оқушылары - Галич Ксения, Тлеулина Аида, Антикеева Әлия, Меликов Олег, Кабанов Петр, А. Шамкеновтың өлеңдерін оқыды. Ернар Шамкенов әкесінің өмірбаянына қатысты көпшілікке белгісіз оқиғалармен бөлісіп, фотосуреттерге түсініктеме беріп, студенттермен әңгімелесіп, сұрақтарына жауап берді.

Фил(қ)-101 тобының студенті Марат Ахбөпе Аманжол Шамкеновке арнаған өзінің өлеңдерін оқыды.

Кеш белсенді студенттерге алғыс хаттар ұсынумен аяқталды.


Марат Ахбөпе

Аманжол Шамкеновке арнау

Ұлы ақынды құрмет тұтып басқан алға,

Жас жүрек жыр жазудан жасқанар ма?!

Дәл өзіңдей ақиық ақын болу,

Арман болып қалмақ тек басқаларға.


Сен жазған саф өлеңнің қымбат бәрі,

Пәктігі сәбидейін құндақтағы.

Оқыған жанға бірден сезіледі,

Жүрегіңде таусылмас сыр жатқаны.


Дәуірлермен үндескен даналығы,

Ойландырмай қоймайды саналыны.

Тереңіне тартады өлеңдері,

Ғасырларды аралап барады үні.


Қастерлісін халқының жат танысын,

Қасиетіңде көп сырдың жатқаны шын.

Өзің жаққан бәр сәуле сөнбеуі үшін,

Қазақтың қайсар рухты мақтанысың.


Жалған ғұмыр жауыр қылды жолыңды,

Әр сөзіңнен өмір сырын нық ұқтым.

Ұмытуы мүмкін емес өзіңді,

Жырың жауһар жүрегінде халықтың!

Құрастырушылар: Аманова Г., Лиханова Е., Ергожина А.