Еркелі Ертіс, Көкжиекті Керекудің Баянауыл өңірінің сапары алысқа көз тіктірген тіршілік көзі мен табиғаттың алтын құрсағы талай құлагер ақындарды өмірге әкеліп, өнегесімен өлмес із қалдырғанын есіңізге ала қалсаңыз, көз алдыңызға әрбірі бір-бір құзіретті ие еткен мұзарт шыңдар елестейді... Аспанмен астасып, бұлттармен достасқан сол шыңдарға, сол алып тауларға қарап тұрып кейде тау баласы болғың келеді, таудай асқақтықты, биіктікті армандайсың.

Баянауыл өңірінің осындай асқар-асқар таулары мен биік-биік белдері қандай көп болса, аялап өтер алыптары да сондай көп. ...Міне сол алыптардың, жүйрік құлагерлердің қазақ әдебиеті майданында қосқан сәйгүліктерінің шабысы әлі күнге дейін бүкіл қазақ халқының есінде... Әрдайым олардың рухына, данагөйлігі мен інжу маржандай сөздеріне бүгінгі ұрпақ мына біздер бас иеміз... Туған өлкем Керекудің «Тұлғалары» әрбір Керекуліктің құлағында сағаттай тарсылдап тұруы міндет деп есептеймін. Осы міндеттің жүзеге асуына SMS+ жастар газетінің «Көкжиекті Керекудің данасы мен дарасы» атты айдарының тамшы болып тамарына сенемін!

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының әулиелігі туралы

«Жақсыдан – ғибрат, жаманнан – кесапат» демекші, халық жадында есімдері ұзақ сақталған әулиелер төңірегідегі ел арасында әңгімелер көп. Ал аңыздың анасы-ақиқат екенін ескерсек, әулиелік пен дарындылықтың әркімнің пешенесіне жазыла бермейтін ерекше қасиеттер екеніне көзіміз жеткендей болды.Тек қана жастайынан сергек сезімді зейінді болып, қанатты сөздердің қадірін түсіне білген: Бұқар жырау, Төле би, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шәкәрім сынды асыл жандар ғана елінің ыстық ілтипатына бөленді. Кейінгі уақытта, әсіресе республикалық басылым беттерінде «Әулие,дара тұлға» деген сөздер көбейіп кетті. Ал осы киелі сөздің өзі Мәшһүр-Жүсіп сынды бір туар тұлғаларға айтылғандай. Қазақтың кең даласында өскен, дархан мінезді дуалы ауыз, әулие Мәшһүр-Жүсіп бөгеліп қалған бұлақ көздерін аршып, бізге таусылмас рухани азық, жұтамас байлық қалдырды. Жазушы Ә.Тәжібаев: «Мен Мәшһүр-Жүсіптің атын қаршадайымда естісем де, оның кім екенін білгір баяндауға қартайғанымша жараған емеспін. Сонау қатал жылдары әміршілдік-әкімшілдік қаһарына ұшыраған аяулы азамат та өзгелер сияқты құлыптаулы болды», – деп қынжылыс білдірсе, халық қаһарманы Ш.Шөкіұлы: «Мен үшін Мәшһүр-Жүсіптің сөзіндегі ең қадірлісі оның өмірдің өшпейтіндігі, жер бетіндегі тіршіліктің кездейсоқ пайда болмағандығы жөніндегі сара пікір», –деп әулиенің білімі түпсіз шыңырау екенін баса айтады.

Әуелгі Әлиф алланың аты болар
Би бес парыз пенденің жасы болар,
Кімде кім құран кәрім сөзін білсе,
Аузында ас, астында аты болар.
Тұрарда таң намазға кер боларсың,
Шығарда шыбын жаның кер боларсың.
Таудан биік күнәміз болсадағы
Аллаға шын жыласаң өзі кешер, – деп шабытты шабысынан талмай, табиғаттың тылсым сырын игерген Мәшһүр-Жүсіп Қожа Ахмет Яссауи мен Әл-Фараби сияқты өзгеге бой бермес шыңырау мұхит.

Р.Әбдірашұлының сөзімен айтар болсақ:
Көшінде адамзаттың ұлы болған,
Бойында күн сәуленің нұры қонған
Іздесең Мәшһүр-Жүсіп табылады
Әл Фараби бастаған ұлы жолдан.

Ұша білген қанатқа әрдайым дүние кең. Бірақ сол кеңдікке қол жеткізе алатындар алғыр ойдың иелері ғана. Көзіңді қызықтырып көңіліңді желіктіретін құнарлы, шырайлы бұлақтардан нәр алып қана, біз бабалардан жеткен кең дүниені игілігімізге пайдалана аламыз. Сонда ғана өнер мен білімнің таусылмас дария екеніне көз жеткізесің.

Бір жылы Мәшһүр-Жүсіп пен Шәкәрім қажы бір дастарханның басында кездеседі. Қысқы да болса, біраз әңгімелеседі.

Кетерінде әулие:

– Аумалы – төкпелі заман келе жатыр, біреуміздің ажалымыз Алладан, біреуміздің ажалымыз адамнан болар, – депті. Сонда Шәкәрім:

Пешенемізге жазылғанды көреміз, – десе керек. Екеуіде енді көріспестей қоштасады. Мәшһүр-Жүсіп ауылдан ұзап кеткен соң, «Әулиеге бұл сөзді періштелері айтқыздыма екен?» деген оймен Шәкәрімде елге қайтады.

Бұл екі тұлғаның Мұсаның асынан кейін кездесіп тұрған төртінші кездесуі болса керек. Арада біраз уақыт өткен соң Мәшһүр-Жүсіп сапарға шығуын тоқтатады. Ал Шәкәрім болса көп ұзамай ОГП-нің «жан алғыштарының» қолынан қаза табады...

...Бірде Мәшһүр-Жүсіпке Әбдәйілде қажы сәлем беріп, біразы шариғат таластыруға келеді. Екеуі түннің бір уағына дейін армансыз әңгімелеседі.

– Жастарымыздың бүгінгі тыныс-тіршілігі мені алаңдатты. Болашақтағы ізбасарымыз қандай болар екен? – деген Әбәйілдінің сұрағына:

 

«Өздері аласа туар,
Аласа туса да, таласа туар.
Мазасыз зарлауық болар.
Жесе нанға тоймас
Боқтаса дымыңды қоймас.
Ішкені арақ, тартқаны наша,
Бұзықтықтан басқаға мойын бұрмас», – деп өлеңдете жөнелсе крек.

Мәшһүр-Жүсіптің білмейтіні жоқ екен, – деп тамсанып отырған ұлы Әбдірахманға Абай: – Шәкәрім мен Мәшһүр-Жүсіп құрдас екеуі де дін жолына берілген жандар. Мен де ақынмын, Мәшһүр-Жүсіп те ақын. Дегенмен, ол ақын болғанымен құдайға жақын. Сондықтан Мәшһүр адамзаттың әулиесі ғой, – десе керек.

Қара күш иесі Қажымұқан туралы Талиға Бекхожина «Әншілгі де бар еді» – деген әңгімесінде: «бір басқосуда Алтай өңіріне келген бір ақын Қажымұқанның жұрт алдында беделін сөзбен түсіруді жөн көріп:

- Мәшһүр деген әулие шығыпты ғой, бір өзінің бойында бірнеше өнер бар деп естідім. Сонымен күреске шықсаң, жеңіліп тынарсың, - деп қарқылдап күлсе керек. Сонда Қажымұқан.

– Мен ол кісінің алдына барып, тізерлеп отырып өзім жеңілер едім. Әулиеге тіл тигізбей жайыңа жүр, – деп ашуланып кетіп қалады.

«Дүниенің базарында, арзан нарқым,
Нарқым арзан болса да, қымбат даңқым.
Тіршілікте ағайынға қадірім жоқ
Өткен соң, әттеген-ай, дерсің халқым», – деп Мәшһүр-Жүсіп өзі көз жұмған соң, есімінің көпке дейін сыңар жақ, солақай көзқарастың алдында боларын сезген болар. Мәшһүр-Жүсіп көз жұмғаннан бергі алғашқы 30 жылда ақынның жүрегінің түбінен шыққан, халыққа рухани азық боларлық шығармалары көлеңкеде қала берді.

Шамамен 1908 жылдары Мәшһүр-Жүсіп: «Ақиқат жолында жалындап, Алланың жазуымен емес, адамның қолынан қаза болғандардың ғасыр соңында жұлдызы жанар» –деген екен.

Мәшһүр-Жүсіп:
Қаракесек Бекболаттың Заманы –
Қасқыр деген Заман еді.
Жамандық пен бұзықты
Басқа ұр деген Заман еді.
Айдабол Тайкелтірдің Заманы –
Қаракесек Алшынбайдың заманы
Қарсақ деген Заман еді.
Шүршіттің темір қақпаны,
Мұжықтықтың кендір арқаны
Жетпіс жылда бір шірір» – деп еді.

Иә, 1986 жылғы жастардың толқуы мұжықтың кендір арқанын шірітіп қана қойған жоқ, тас-талқанын шығарды емес пе? Оның алмастай нұрлы, семсердей өткір бағалы сөздері, дуалы ауыздан шыққан шуақтай жылы өлеңдері, адамзаттың жан түкпіріне жарық түсіріп қана қоймай, жаңа өмірдің жайлауына шақырған жарқын өмірдің жаршысы...

(Ә.Пазыловтың «Мағлұматты М.Ж.Көпеев», Қарағанды қаласы «Болашақ» баспасынан, 2006 жылы жарық көрген кітабынан ықшамдалып алынды.)

Мәшһүр-Жүсіп туралы аңыз-әңгімелер:

Одан артық не керек?

Мұса Шормановтың өмірден қайтқанына қырық күн толғанда жақын-туыстары ас береді. осы асқа арнайы Мәшһүр-Жүсіп Көпеев те шақырылады. Ас үстінде төрде отырған Мәшһүр-Жүсіптен халық дұға тілейді. Мәшһүр-Жүсіп һұл һу Алланы үш рет қайырып әмин, – деп қысқа дұға қайырады.

– Ойбай-ай, Мәшеке, Мұса мырза адамзаттың абзалы еді...,енді біреуі:

–Тіршілігінде сыйласқан жан едіңіз ғой, бір тәуір дұға болмады ма? – дегенде, Мәшһүр-Жүсіп:

– Ықылас сүресі қандайда оқылады?-деп өздеріне сұрақ қояды.

– Ол әр жерде оқыла бермейтін аяттың абзалы ғой, – деп бір ақсақал жауап береді. Сонда Мәшһүр-Жүсіп:

– Ендеше мен адамзаттың абзалы мен дұғаның абзалын табыстырдым. Одан артық не керек? – депті.

Мәшһүр-Жүсіптің мейірімі

Мәшһүр-Жүсіп пен Иманғали бір сапардан келе жатып, ат басын далада жеке тұрған киіз үйге тірейді. Мәшһүр-Жүсіп:

– Күлшашарлары бар ма екен? – деп сұрайды.

– Жылаған дауысы шығады, – деп Иманғали жауап береді.

– Е,құдай жарылқаған екен, – деп арбадан түсіп, үйге кіреді. Үй иесінің есі шығып, ас әзірлеуде. Іші пысып отырған Мәшһүр-Жүсіп:

– Мен саған өрік-мейіз беремін, ал сен маған қанша малдарың бар, соны айтшы,-деп баладан сұрап, үй иесі жөнінде мағлұматтар алады. Дастарқан жайылып, шай ішіліп отырғанда Мәшһүр-Жүсіп үй иесінен:

– Қанша сиырың бар? – деп сұрайды. Үй иесі:

– Үш сиыр бар, өзімізге жетіп жатыр, – дейді.

– Жалғыз сиырың үшеу болғанша қай заман? Балалы үйдің ұрлығы жатпайды. Әлгінде әкем кедей деп балаң айтып берген. Мына көрші бай бір үйір жылқы беріп еді, соны қазір менімен бірге барып айдап әкел де, балаңның игілігіне жұмса. Ал Иманғали, тұрарлық, тамақ ішіп отырып, талай қызықтан қаламыз, – деп Мәшһүр-Жүсіп тұрып кетсе керек.

Дайындаған Ұлжан ТӨЛЕУ

«SMS+» №11 (59), 2014 жыл, 30 желтоқсан.