Павлодар өңірінің өнерсүйер қауымына арнайы концерттік бағдарламасымен келген Заттыбек Көпбосынұлымен сұхбаттасудың сәті түсті. Қымббатты оқырмандар, Сіздерге тартымды да әдемі әңгіменің куәсі болуға шақырамыз.

Қайырлы күн Заттыбек Көпбосынұлы сізді Кереку өңірінде көргеніме қуаныштымын. Ең алғашқы сұрақ сіздің туған жеріңіз туралы болмақ. Қай өңірдің тумасысыз?

- Туып өскен жерім Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Кенес деген елді мекенінде туып өстім. Жалпы туған ауылымның тарихы терең. Алғашқы белгілі академик Өмірбек Жолдасбековтың туған мекенінен боламын. Қазіргі таңға дейін біраз азаматтар осы ауылдан қанат қағып, биік шыңдардан көрініп жүр.

- Өнер жолына қалай келдіңіз?

- Адамға берілген әр қасиет ата-ананың қанынан тарайды деп ойлаймын. Маған да әншілік өнер анам мен әкенің қанынан келіп, осы күнге дейін осы жолда жұмыс атқарып, бүгінгі күні өмірлік кәсібіме айналдырдым.

- Қандай мамандық бойынша білім алдыңыз?

- Оңтүстік Қазақстан облысында М. Әуезов атындағы ұлттық университетінде ән айту бөлімінде білім алдым.

- Отбасыңыз жайлы айтып кетсеңіз?

- Өзім көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Үйде 10 баламыз. Мен үйдің сегізінші перзентімін. Ал қазіргі уақытта өзімнің отбасым, өз шаңырағым бар. Жұбайым, бір қызым бар. Қызымның есімі – Айзере. Қазақ халқына Зере деген ат жалпы таныс есім ғой. Өзінің ұлағаттылығымен, даналығымен барша қазақ әйелдеріне үлгі бола білген асыл ана, Абай атамыздың қамқор әжесінің есімін қойып, сұлулықтың нышаны айды алдына қойып атын Айзере деп атадық.

- Сіз халыққа «Ақ Маржан» әнімен белгілі болдыңыз. Ол ән Сіздің төлқұжатыңызға айналған сынды. Ендігі күнде осындай өміршең әндер дүниеге келе ме?

- Әр өнер адамы әнді жаздырар алдында осы ән халыққа ұнаса екен, осы ән мені алға жетелесе екен деген үлкен үмітпен жаздырады. Ал оны өз деңгейінде қабылдау халық қалауында және Алланың қолында деп ойлаймын.

- Өнер сахнасынан кетемін деген кездеріңіз болды ма?

- Өмір болғасын қуаныш та, қайғы да болады ғой. Алайда, менде әншілікті тастаймын деген ой болған да емес. Бірақ халыққа көрсетпейтін шаршаулар болады. Кейде басқа мамандықты тандағанымда басқаша болар ма еді? – дегендей тұжырымдар ойға келеді, енді. Бірақ уақыт өте Алла бойға дарын бергесін, осы өнердің жүгін де, жақсылығын да көтеруге бел будым.

- Шығармашылығыңызда алда қандай жаңалықтар болады?

- Пендеміз ғой әлбетте жоспарлаймыз, армандаймыз. Ал оның орындалуы алдағы уақыттың еншісінде және еңбекке байланысты. Келесі жылдың аяғында үлкен концерт болу керек. тағы да ән кешін ұйымдастыру мақсат етіп отырмын.

Биыл көктемде Астана қаласында жаңа бағдарламамен өзімнің жеке шығармашылық концертімді бердім. Жаңа бағдарлама, хит әндеріммен қалың қазақ жеріне өнер сапарымен ел аралап жүрген жайым бар.

- Бойыңыздағы ең жек көретін қасиетіңіз?

- Кейде сабыр деген қасиетті ұмытып жатамын. Шыдамсыздыққа бой алдырамын. Бұрын бұл қасиеттер бойымда көбірек тұғын, ал қазір уақыт өткен сайын сабырлы болуды үйреніп жүрмін. Көп жағдайда өз-өзімді сабырға шақырамын.

- Өмірлік ұстанымыңыз?

- Адам болып дүние есігін ашқаннан кейін адамгершілік деген қасиетті ұмытпауымыз абзал. «Үлкенге ізет, кішіге құрмет» көрсету қазақ баласы үшін басты қағидалардың бірі ғой деп түсінемін. Кей адамдар биік мансапқа жеткесін тәкаппарлық танытып, осы қасиеттерді жоғалта бастайды. Ең бастысы адам баласы «ұлық болсаң да, кішік бол» деген сөзді ұмытпаса игі.

- Өнер жолында кімдермен доссыз?

- Өнердегі алдынғы буынғы ағаларымызбен де, кезінде аттарынан ат үркейтін театр, кино саласында жүрген майталман өнер қайраткерлеріне құрмет танытып, доспын. Замандастарыммен де көзқарасымыз түзу. Бірақ барлығын да дос деп қабылдауға да болмайды. Шығармашылық жолда бірге болғасын аға-әпке деп құрметтеп, жақсы араласамын.

- Сіз біздің өңірге келіп, қоңыр даусыңызбен қала тұрғындарына концерт бергеніңізге алғысым шексіз. Өмірде де, өнерде де жолыңыз болсын. Сұхбатыңызға рақмет.

- Әумин. Жалпы БАҚ өкілдерінің қоғамда алар ролі ерек қой. Қоғамды толық ақпараттандыратын сіздерсіздер. Сол себепті еңбектерңізге жеміс тілеймін.

Назгүл РАБИЛОВА

Заттыбек Көпбосынұлы

ИНФОБОКС

*Буленов Заттыбек Көпбосынұлы 1974 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы Кеңес ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген.

*Шығармашылық жолын 1995 жылы Бәйдібек ауданы «Шалдар» балалар саз мектебінде мұғалімдік қызметпен бастаған.

*1997-1998 ж.ж. Шалдар мәдениет уйінде көркемдік жетекші болып еңбек еткен.

*1999-2000 ж.ж. Шаншар таетрында қызмет еткен.

*2000-2003 жылы Шымкент қаласы №71 орта мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып жұмыс атқарған.

*2004-2007 жылы Шымкент қаласы №2 балалар музыка мектебінде домбыра пәні мұғалімі қызметін атқарады.

*2001, 2005 жылдары Республикалық «Шалқар термесі» термешілер байқауының лауреаты.

*2008 жылдан бері жеке шағырмашылықпен айналысуда.

Халық арасында тараған бірнеше «Ақмаржан, Немерем» т.б. әндердің авторы.