Ғалам өте жылдам қарыштап дамып келеді. Әр жиырма жыл сайын жаңа технологиялық дәуір орнауда. Компьютер, ғаламтор, ұялы телефон қызметі мен түрлері жыл санап өсіп келеді. Алайда осы өнертабыстардың өмір қажеттіліктеріне жауап бергенімен, барлығы да адам өміріне пайдалы бола бермейтін көрінеді. Тіпті өте зиян деп айтсақ та қателеспейміз.

Химиялық және биологиялық қару

Ойланып қарасақ, қаруды ойлап тапқан адамның о бастағы мақсат-мұраты оң болғаны рас. Өткен дәуірлердегі бабаларымызды садағы мен айбалтасы, найзасы мен шоқпарсыз елестету мүмкін емес. Олардың азығы да тыныш өмірі де осы қарудың арқасында берекелі де бейбіт болғаны белгілі. Бүгінде өркениет дамып, адамдар өздерін «өркениеттіміз, мәдениеттіміз» деп асқақтайды. Өз-өзіне сенімді де заңғар адам бірін-бірі жою үшін нелер сұмдыққа барып, жантүршігерлік өнертабыстар ойлап тауып келеді. Соның бірі – химиялық қару. Алғаш рет адамдар химиялық қаруды бірінші дүниежүзілік соғыста пайдасына асырған. Немістер осы соғыста газбен улау әдісін жиі қолданыпты. Осы сынды улы қарудың түрлері бүгінгі бейбіт заманда да көп елдердің қолдарында жарақтаулы.

Ал биологиялық қаруға келер болсақ, оның тарихы ертеректе жатыр. 1763 жылы америкалық үндістерді әдейілеп шешек ауруымен жұқтырып, қырғынға ұшыратқан деген тарихи мәлімет бар. Ендігі тарихи деректерге сүйенсек, жапондықтардың Монғолия мен Қытайды жаулауға талпынған уақыттары қолданған тәжірибелерін айтуға болады. Тәжірибе барысында адамдарды обамен улаған. Биологиялық қаруды қолдану турасында осы екі оқиғадан басқа ресми дерек жоқ. Алайда биологиялық қаруды қолданылған теракттар болып тұрған. Әлі де көбінің есінде болар 2001 жылы АҚШ-та бірнеше мекен-жайға сібір жарасы жұқтырылған хаттар жолданған. Ол хаттарды кейбір БАҚ кеңестері мен екі демократ-сенаторлар алып, нәтижесінде 5 адам дүниеден озды, ал 17 адам науқасқа шалдықты. Биологиялық қарулар бойынша халықаралық конвенция 1972 жылы бұл қауіпті де қорқынышты қаруды кез келген салада қолдануға қатаң тыйым салған. Ғылым күнделікті даму үстінде. Әр бір бес жылда адам өміріне өлім құштыратын биологиялық қару түрі пайда болуда. Соңғы онжылдықта биологиялық қарудың тізімі өте сирек кездесетін ажалды жұқпалы дерттер түрімен күн санап толығып келеді. Тіпті санап та, еске сақтап та үлгермейсің.

Атомдық қару

Атомды зерттеу ХІХ ғасырдың соңында басталды. Беккерель уранның радиоактивтілігін, Резерфорд альфа және бета сәулелерін ашады. Адамзат изотоптардың көп түрін біле бастады. Резарфорд пен Содди екеуі бірлесе радиактивті ыдыраудың заңын көпке жария етеді. Дегенмен, атомды басқаруға, адамзат үшін пайдасына қызмет етуге әлі де бірнеше онжылдықтар қажет еді.

1938 жылы әлем мәңгіге өзгерді. Міне осы тұстан бастап физика «қайырымды» және «зұлым» болып екіге жарылады. Біріншісі – адамға энергия қуатын берсе, екіншісі – қырып-жойғыш бомбаны береді.

Алғаш зерттеулер 1945 жылы өткен. Ядролық тәжірибелі сынақтарды Күншығыс елінің бейбіт халықтарына жасады. Адамды адам аяусыз ажалға құшу оқиғасы жаһанға Нагосаки мен Хиросима қалаларын әйгілі етті.

Ядролық күш күннен күнге қуаттай берді, ал халықаралық қатынастар шиеленіскен үстіне шиелінісе берді. Содан бері әлем қаншама рет ядролық соғыстың дәл алдында тұрды, ядролы зымаранндар атқалы тұрды. Ядролы қарулар әлі де қынабын ажалға толтырып адам өмірін жалмауға дайын тұр.

Полиэтилен

Бұл материалды 1899 жылы Ганс фон Пехман ойлап тапқан. Полиэтиленге екінші рет өмір сыйлаған Эрик Фосет пен Реджинальду Гибсон. Алғашында бұл өнертабысты телефон кабельдерін орауға араналған еді. 1950 жылдан бері ғана затты орауға арналған материал ретінде қолданыла бастады.

Бір қарағанда полиэтиленді кәдеге жарату ядролық қарудың қасында түкке тұрғысыз болып көрінеді. Әлбетте полиэтилен ядролық қару сияқты жерді жылдамырақ құртып жібера алмас. Дегенмен, қолданылған полиэтиленді пайдаға жаратудың жолдарын қарастырмаса, планетамызды қоқысқа орап жіберуі әбден мүмкін. Ғалымдардың есептеуінше жер жаһан бойынша бір жылда 4 трлн. полиэтиленді пакеттер қолданылатын көрінеді. Бұл адамдардан шығатын күл-қоқыстың 9 пайызы. Оларды өртеуге болмайды, өйткені одан атмосфераға шығаратын зиянды заттар химиялық қарудан кем болмайды. Өрттеу кезінде полиэтиленнен шығатын 800 микрограмм диоксиннен 80 кг салмақты ер азамат бірден өлім құшады. Полиэтилен қалдықтарын көмуге де болмайды. Олар жерге ыдырамай, мыңжылдықтар бойы жерде қала береді.

Жыл сайын осы полиэтилендердің кесірінен теңіз бен мұхиттарды мекендеушілердің 100 мыңға жуығы өледі. Полиэтилен табиғатқа сіңбей, экологиялық теңгерімді бұзып келеді.

Көптеген дамыған елдердің дүкендерінде полиэтилен қабының орнына қағаз қап беру үрдісі пайда болуда. Мәселе біру-ақ – зиянды заттарды алмастыратын материалдар қымбат. Мәселен, Израил, Ирландия мен Латвия мемлекеттерінде полиэтилен қаптарына арнайы салық жүреді.

Адам өміріне қауіпті дәрі-дәрмектер

Алғашында дәрілерді ойлап тапқан адамның жүрегінде ізгі мұрат болғаны шын. Әсіресе психологялық ауруларға дерт болады деп ойлап табылған дәрілер бүгінде адамды үлкен тәуелділікке әкеліп отыр. Соның бірі – құрамында d-лизергинді қышқылы бар дәрмектер (ЛСД). 1938 жылы швейцарлық ғалым Альберт Хоффман кездейсоқ ойлап табқан. Тәжірбие барысында оның терісі арқылы бұл дәрі сіңіп, ол «психоделикалық әсерге» ұшырайды. Үш күннен кейін ғалым бұл дәріні саналы түрде қабылдайды.

Бұл дәрінің шипасынан гөрі, зияны көп екенін клиникалық тәжірибелер анықтады. Бұл дәріні ішіп алған адам агерссияға бой алдырып, жынданып, өзін-өзі өлтіруге дейін барады екен.

1965 жылы препараттың қолданысына тыйым салынады. Өкінішке орай бұл препаратқа одан сайын танымалдық әкелді. Сол жылдары жастар арсында нашақорлық, бұл дәріге тәуелділік одан сайын өрши түсті. Нашақорлық сәнеге айналып, мәдениеттің бір бөлігіне айналды. Заты жаман препаратты Батыс елдеріндегі беткеұстар қоғам қайраткерлері насихаттай бастады. Хоффманнан бастап, жазушы, психлолог дәрігерлер де қолдауды нысанаға алады. Сол дәуірдің жазушысы әрі психологы Тимоти Лари студенттеріне ескертпестен осы дәрілерді беруге дейін барады. Ағзадан тез-ақ шығып кеткенімен адам санасында өшпестей ізін қалдыратын бұл бәлекетті бір рет қабылдаған адамның санасы оны ешқашан ұмытпайтын көрінеді. Сондықтан оны қалау бәрінен басым болады.

Тізім жалғасы

Адамзат игілігіне бола ойлап табылып, кейін адамзатқа зиянын тигізген өнертабыстар тізімі мұнымен біте қоймас.

Бүгінде ғаламда мамандардың мәлімдеуінше 700 миллион автокөліктер бар. Орташа есептегенде, бір көлік жылына 4 тонна оттегіні жұтып алады, есесіне 800 кг көміртек оксидін, 40 кг азот оксидін және 200 кг газдарды шығарады. ДДҰ бұл өнертабыс түрі адам өмірін 4 жылға қысқартады деп дабыл қаға айтады.

Күнделікті ұстап жүрген ұялы телефон да мамандардың айтуынша жөнсіз қолдана берсе қатерлі ісік, басқа да аураларды тудырады. Сондай-ақ оны жасап шығару үшін су қоймаларына қоршаған ортаға зиянды зат – перфтороктанды қышқыл төгіледі. Әлемде қаншама су қоймалары уланып, қаншама су тіршілігіне зақым келеді. Мұндай оқиғалардың бірін білсек, бірін біле бермейміз.

Қоғамдағы өте жылдам дамып келе жатқан өзгеріс қарқынымен азық-түлік өндірісінің сапасы төмендеп келеді. Өндірістік дәуірмен бірге тағамның табиғылығы да төмендеді. Дамыған елдерде табиғи тағам өте тапшы. Тағам табиғилыққа жақындаған сайын қымбаттай береді. Өйткені өндірісті қолжетімді ету үшін арзан химиялық қоспаларды қолдану керек болды. Мамандардың зерттеуінше синтезді химиялық қоспалар балалар өнімдеріне көптеп қосылады екен. Мұның салдарынан адам денсаулығы күрт төмендеді, ауруларға қабілетсіздік артты.

P.S. Заман тым жылдам қарқынмен дамып, бір қарағанда тұрмыс жеңілденіп келе жатқан сыңайлы. Баяғыдай әйелдер сиыр саумайды, тезек жасап, отын термейді, еркектер ағаш жарып, су тасымайды, мал бағып, жүйрік баптамайды. Тізе беруге болады, әрине. Тұрмыс әлдеқайда жеңілденді, кір жуып, қазан аңдып отырған әйелді бүгінде кір жуғыш мәшинелер мен мульти қазандар алмастырған. Айлық, сағаттық жолды қысқарттық, адамды табу да бүгін сөз емес. Сабылып жүріп, оның соңында жүрмейсің, телефон арқылы хабарласуға да болады. Бұл тұрмыстың өтеуі өте қымбат екенін өнертапқыштар, қолданып жүрген адамдар түсіне ме? Ауылда таза өнім жеп, таза ауа жұтып, қара еңбекпен айналысып жүргендерге қызығатын заман туды. Өйткені мұндай өмір салты адамға ұзақ өмір мен мықты денсаулыққа кепіл бола алады.

Жанар ӘБДІҚАЛИҚЫЗЫ

«SMS+», №9 (57), 2014 жыл, 31 қазан.