Егіздер Жаратқанның ерекше жартылысы екені рас. Осы күні өмір есігін ашып жатқан егіз нәрестелер артуын мамандар жастардың кеш үйленуімен және бедеуліктің көбеюімен байланыстырады. Бедеулікті емдеу барысында қабылдаған дәрілер мен ЭКО бағдарламасы бойынша бала көру көп ұрықты балалардың дүниеге келуіне себеп болуда. Дегенмен әр жағдайды жеке қарастырған абзал.
Егіздер туралы аңыз
Аңыздар мен көркем әдебиеттерде, жалпы әр дәуірлерде әр ұлттың санасында егіздер беймәлім дүниенің жаршысы іспетті болды. Әлемдегі сирек кездесетін таңғажайып құбылыс ретінде егіздер адам санасын қызықтырып, аңыз ертегілерге арқау болғаны шын. Ықылым заманнан бері егіздерді болашақты болжайтын, табиғи және адам өмірінде болатын оқиғаларға әсер ете алатын тылсым күш иесі ретінде де қабылдаған. Өткен дәуірлердегі аңыздардың желісіне көз салсақ, адамдар егіздерден қорыққанын да аңғаруға болады. Аңыз бойынша көбіне екеуінің бірі жақсылық, бірі жамандықтың белгісі болған. Ол кездері бір ер адамның екі баланы бірден ұрықтандыруы санаға қонымсыз, сиқырлы әрі табиғи емес құбылысқа баланған. Егер ана жұп балаларды дүниеге әкелген болса, онда бұл іске құдайлар мен әзәзілдер, жын-перілер мен хайуанаттардың атсалысқандығы деген түсінік болған ежелгі адамдарда.
Үндіеуропа мифологиясында егіз ағайынды жігіттер «Аспан құдайының балалары» деген атауға ие болыпты. Осы сынды «аспан балалары», «аспан ұлдары» деген бейнелеу Африка елінің нуэр, ньоро, ронга және басқа да халықтары аңыздарда жиі кездеседі.
Егіздердің хайуандарға не қатысы бар?
Егіздер туралы ұғымды көбіне хайуандар туралы аңыздарда көп кездестіруге болады. Оларды халық жануарлармен туыстығы бар деп сенген. Мәселен, нивхаларда (Сахалин, Приамурьеде) егіздердің анасын аюдың апанына апарып жерлеген, ал егіздердің өздерін аңға теңеген. Көне Үнді елінде егіздерді жұп құсқа, қос жылқыға бейнелеген екен. Атты егіздер бейнесі көне германдықтар мен Балтық мифтерінің арқауы болып келді. Әлі күнге дейін литвалық ауылдарда аттың басында отырған егіздердің емдік қасиеті бар деген сенім бар. Ал үнділер пайымынша егіздердің науқастарды емдей алатын пәрмені болыпты. Көне Римдіктер қасиетті «римдік фикус» ағашын Ромула мен Рема атты әулие егіздерімен байланыстырады.
Бүгінгі күннің аңыздары
Әлімсақтан бергі егіздер жайындағы мифтердің ғылыми тұрғыдан еш сиқыры мен тылсымдығы болмағанын бүгінде біз білеміз. Алайда, ХХІ ғасыр адамдарын көне дәуірлік сенімдер мен нанымдар қатты таңғалдыра қоймас. Дегенмен, заманауи заманның егіздері жайында өз аңыздары бар. Егіздердің мінездері екі түрлі болады. Бірі – «жақсы», бірі «жаман» деген аңыз әлі күні халық арасында жүр. Олар өсу барысында бір-біріне әсер етуі мүмкін. Бірақ олардың мінездері, темпераменті, әдеттері бір-біріне емес, ата-аналарына ұқсайды деп айту жөн болар. Оларды жан-жақтағылар әрдайым бір-бірімен салыстыруды еш тоқтатпақ емес. Осылайша адамдар салыстыру арқылы жаман мен жақсыны айырғысы келеді. Салыстыруды неге әкеп соқтыратынын өздеріңіз де білетін боларсыздар. Ендігі бір аңыз, егіздер айнымастай ұқсас әрі оларды ажырату мүмкін емес. Егіздер еш уақытта бір-бірінен айнымастай ұқсас болып келмейді. Гендері мен хромосомдарының топтамасы бірдей болғанының өзінде олар біз ойлағандай біріне-бірі ұқсамайтын көрінеді. Қай жағынан қарасақ та бойы, салмағы, мінезі бәрі де 100 пайыздық ұқсастық бермейді. Және жеке отбасын құрып, бақытты өмір сүріп жатқан егіздерді күнделікті өмірден көруге болады. Ата тегіңде егіздер болған болса, міндетті түрде қайталанады деген сөз қаншалықты ғылыми дәлелдеген? Егіздердің туылуы генетикалық тұрғыдан қайталануы да қайталанбауы да мүмкін. Бұл «ерекшелік» бір ұрпақтан кейін қайталанады дегені орындалмауы да ықтимал.
Ғылымның тілінде
Егіз балалы болу әйелдің бір мезгілде бірнеше ұрықты сіңіру мүмкіндігіне тікелей байланысты. Екі жұмыртқадан пайда болатын егіздер тұқым қуалайтын болса, бір жұмыртқадан пайда болатын (полярлық) егіздердің тұқым қуалау оқиғасы осы күнге дейін әлі тіркелмеген. Полярлық егіздер, яғни бір-бірінен айнымайтын егіздер – өте сирек кездесетін егіздер түрі. Жартылай гендері бірдей (анасынан), екінші жартысы әртүрлі (әкесінен) сол себепті, оларды жартылай идентті деп те атайды. Ұрықтанбай тұрып бір жұмыртқада болып, полярлық бір денені, яғни бір жасушаны құрайды да әдеттегідей өліп қалады. Кейбір жағдайда полярлық дене өсіп, өлмеуі мүмкін. Бір-бірінен айнымайтын бір жұмыртқалы яғни, бір ұрықтың екіге жарылып, екі бірдей тіршілік иелерінің пайда болуына не әсер ететініне әлі күнге дейін ғалымдар нақты жауабын бере алмай келеді. Бір жұмыртқалы балаларды туу ешқандай сыртқы (экологиялық, физикалық, химиялық) және мұрагерлік (гендік) факторларға тәуелді емес. Статистика әрбір 1000 жүктіліктің үшеуі бір жұмыртқалы жүктілік болады дейді. Бұдан бөлек, түрлі жұмыртқалы, екі жұмыртқа жасушалары екі түрлі ұрықпен аралас ұрықтанатын және өте сирек кездесетін екі түрлі ер адамнан екі жұмыртқа ұрықтану түрлері табиғатта кездеседі екен.
Егіздер – экстрасенстер
Олар бір-бірін қашықтықтан сезінеді екен. Алайда, бұл туралы ғалымдардың нақты дерегі жоқ. Егіздер уақыттарының көп бөлігін бірге өткізетін болғаннан кейін, бірінің мінезі мен әдеттерімен жақсы таныс. Сол себепті, бір-бірінің қандай жағдайда не ойлауы сияқты болжамдарды нақты жасай алуы да түсінікті. Бірақ, егіздердің өздері араларында бір сиқырлы қарым-қатынастың барын айтып жатады. Олардың арасындағы қатынасты психологиялық тілмен «эмпатия» деп айтуға келеді. Жалпы егіз болмаса да басқа адамның ойынан хабар білу, оның сезімдер мен қылықтарына түсінік бере алатын табиғатынан қабілетті жандар болады. Оларды әрине, көріпкел деп айтудың қажеті бола қоймас. Көбісі қасындағы адамның ішкі жан дүниесін мейілінше түсіне алатын адамдар қасиетін көрегендікке немесе тылсым күшке балайтыны да рас. Дәл солай егіздерде де. Егіздер бір-бірімен көп уақыт әңгімелесіп, бір-бірімен ақпарат алмасатындықтан олардың арасындағы эмпатиялық қарым-қатынас тереңге бойлайды.
Егіздердің дүниеге келуіне тамақтанудың қандай қатысы бар?
Ғалымдар егіздеп бала табудан әлем бойынша көш бастап келе жатқан Нигериядағы йоруба халықтарының әйелдері немен тамақтанатынын зерттеген екен. Олар бұл құпияның шешімін ямс көкөнісінен тапты. Бұл көкөніс тұрғылықты халықтың негізгі асы. Ямстың химиялық құрамы әйелдің эстроген гармонымен ұқсас келеді екен. Көкөністегі көп мөлшердегі жоғары концентрациялық зат гонадотропин гармондарын өндіруге ықпал ете алады. Екеуінің бірлесуінен бірнеше жұмыртқа пайда болатын көрінеді.
Қазақстандағы егіздер мекені
Қазақстандағы егіздер ең көп туылатын елді мекен ол – Қостанай облысындағы Тәгіл ауылы. Соңғы 20 жылда мұнда 29 жұп егіз бала дүниеге келген. Яғни, жыл сайын Тәгілде бір немесе екі жұп егіз туады деген сөз. Тұрғындардың саны 1350-ды құрайтын ауыл үшін бұл сөз жоқ өте жоғары көрсеткіш. Тәгіл ауылының тұрғындары үшін қатар жүрген егіздер таңсық көрініс емес. Мұнда жылына бір немесе екі бірдей егіз жұптар туылуы қалыпты құбылысқа айналғалы қашан. Тұрғындар өздерінің туған ауылының жері қасиетті деп сенеді.
Ал, Қазақстан бойынша егіздерге өмір сыйлаудан алдына жан салмай келе жатқан Қызылордалық келіншектер екен.
Егіздер елі
Қазақстан егіздерді өмірге алып келуі жөнінен әлемде 48 орында. Көш басында Нигерия тұр. Онда әрбір 22 адамға бір егізден келеді екен. Жер шарының төрттен бір бөлігін құрайтын Қытай соңғы орынға жайғасыпты. Мәселен, онда 250 қытайға бір егізден келеді. Ал, біздің елде мұндай социологиялық зерттеулер жасамайтын сынды. Елдегі егіздер санын анықтайтын нақты көрсеткіштері бар мәліметтер жоқтың қасы. Жер шарында егіздер Еуропа құрлығында көп өмірге келеді. Кәріқұрлықта 1000 баланың сегізі егіз болады. Ал, АҚШ-та қаранәсілді нәзік жандар егіздеп бала табатын көрінеді. Өркениетті елдерде егіздер мен үшем дүниеге келген отбасыларына мемлекет тарапынан қамқорлық көрсетеді. Оларға арнайы күтушілер бөлінеді. Қаржылай көмектер беріледі. Қазақстанда егіздер мен үшемдерге байланысты арнайы жәрдемақы түрлері көрсетілмейді. Олар басқа балалар сияқты жәрдемақы алады.
Егіздер туылатын жас
Дәрігерлердің айтуынша бала туылған сайын егіздер туылуына мүмкіндіктер көп болады. Яғни, жатыр қабаттары өскен сайын ана егіздеп бала табуға қабілеті артады екен. Жасына қарай егіздер 35-39 жастағы аналардан көп туылады. Себебі дәл осы жаста әйелдің бойындағы гармондары нағыз күшіне мінетінін ғалымдар дәлелдеп шыққан. Және көктем мезгілінде ұрықтанған балалардың арасында егіздер көп туылады дейді ғалымдар.
Сиам егіздері
Егіздер арасында өте сирек кездесетін «Сиам егіздері» деген атаумен кемтар балалар туылады. 65-85 мың жаңа туған нәрестеге біреуі кездеседі. Сиам егіздерінің пайда болуын ғалымдар «жұмыртқа жасушаларының дұрыс бөлінбеуінен» деп түсіндіреді. Жұмыртқаның даму кезінің белгілі бір сатысында жасушалардың бөлінбеуіне байланысты бұндай егіздер дүниеге түрліше жабысып туып жатады. Ғалымдар бұның салдарын генетикалық тұрғыдан да іздеді, енді біреулері психологиялық ауру деп есептеді. Не дегенмен бүгінгі медицина мұндай егіздердің пайда болуының алдын ала алмауда және дүниеге келген күннің өзінде сәтті ота жасай алмай келеді. Алғаш елімізде сиам егіздері туралы мәліметтер «Түркістан уәлияты» газетінің 1871-ші жылғы 30-шы маусым күнгі нөмірінде жарияланған екен. Белгісіз автор 1811-ші жылы Сиам қаласында дүниеге келген Чанг пен Энг жайлы жазып өтеді. Чанг пен Энгке дейін де осындай егіздер дүниеге келген. Алайда, бұған дейін ондай сәбилерді «ақырзаман әкелушілер» деп өлтіріп отырған, кей жағдайларда оларды аналарымен қоса о дүниелік еткен. Кейін келе ерекше егіздерді табыс көзі ретінде пайдаланған. Түрлі жәрмеңкелерде халық назарын оларға аударып, ақша тауып отырған. Бұл дәстүр Чанг пен Энгтен бастау алған. Оларды халық арасында көп насихаттағаннан кейін жабысып туылған егіздерді «Сиам егіздері» деп атай бастады. Чанг пен Энг осы жол арқылы байып, жеке ферма сатып алып, тіпті құлдар қызметін де пайдаланған екен.
Сөзтүйін. Егіздердің дүниеге келуіне ендігі ешкім таң қалмайды. Ғалымдардың мәлімдеуінше некедегі бір жұптың 80 баланы дүниеге әкеліп, оның біреуінде ғана егіздер тууына себепкер бола алады екен. Яғни, адамда егіз туудың жиілігі орташа есеппен алғанда 1 % шамасында болады, олардың 1/3 бір жұмыртқалы егіздер. Өмірге егіздерді әкелуді мақсат тұтсаңыз алдымен көп балалы ана немесе әке атануыңыз абзал.
Жанар Әбдіқалиқызы
«SMS+», №9 (46), 2013 жыл, 30 қазан.