Қойын-қонышына асықтарын толтырып алып, топтаса, жамыраса асық ойнаған баланың қызығының өзі бір бөлек дүние екен-ау. Тізілген асықтарды атқылаған бүлдіршіндердің айқай-шуы көптің көзінен әлі де кете қоймады. Асығын бояп, қорғасын құйып, ләңгісін әрлеп жатқан балалар әуресі бірер жылдардан кейін көзден ғайып болатыны туралы ешкімнің ойына келмеген болар сол кезде. «Таста анау асығыңды, кір үйге» деп айқай салып жатқан ананың даусына да құлағың шалынбайды бүгін. Ең өкініштісі асық ойынының ауладан кеткені. Аулада қажет болмаған ойын, кейінгі өскелең ұрпаққа жетуі де екіталай. Асық ату шараларда, мерекелерде ғана көрсетілетін көрмеге баланған ойын болғанына не себеп?

Асық ойындары ұлттық ойындар ішіндегі ең көнесі. Асық ату – тек қазаққа ғана емес, бүкіл түркі халықтарына ортақ ұлттық игілік. Бұл ойын түрі ең алғаш ежелгi түркілердiң арасында пайда болыпты. Сондай-ақ, асық ойындары байырғы грек елінде – «астралаг», ал римдіктерде «талус» деген атпен кеңінен таралғаны жайында мәліметтер бар. Ертеде ұшы-қиыры жоқ даланы мекендеген бабаларымыз жорыққа аттанар алдында соғыстың амал-әдісін ақ тақырдың үстіне асықтарды шашып жіберіп жобалайтын болған.

Кеңестік дәуірлік уақытта асық ойнаған балалардың қызығына батып өстік. Қала көшелерінде асықты тізбектей келе дәлдікпен атып жатқан ойын баласын қызықтау қалыпты құбылыс еді. Кейбіреулер айтқандай асық ату ойынына кеңестік жүйе де, шаһардың қара асфальт жолдары да кедергі болмаған сол күндері. Оған дәлел, 1970 жылдары қала балалары ойлап тапқан «Алматинка» немесе «Шымкент» деген ауқымды жерді талап етпейтін, шеңберге тігіп ойнайтын қаланың кеңес дәуіріндегі шығарған асық ойын түрлері бола алады. 60-70 жылдардың ойын балалары асық атудың «Өріс» деп аталатын түрімен жиі ойнаған деседі бүгінгі аға буын өкілі. Кең далада ұзындығы 20 метрден кем болмайтын аумақта ойналатын ойын түрі сол уақытта кең етек жайылыпты.

Бүгін қала түгіл ауыл аулаларынан асық атысқан баланы көру таңсық дүние. Балалардың асық ойнауына не кедергі? Бүгінде асық ойнаған бала мен асық жинаған аталардың сиреп кеткені тағы шындық. Бүгінгі заман – инновациялар мен технологиялардың өркендеу кезеңі. Күн ілеспей тың құрылғылар мен бала көңілін аулайтын ойыншықтар жарық көруде. Автоматтандырылған құрылғы мен компьютерлік ойындар баланы бір орыннан тапжылтпай тұсаулады.

Дүние жүзі медицина мамандары бүлдіршіндердің қозғалысы аз болғандығынан әрі электрлі қуаттандырылған құрылғылар арасында көп уақыт отыратындықтан көптеген ауруларға жол салынуда деп дабыл қағуда. Психологтардың зерттеуінше компьютерлік ойын үстінде адамның ойлау қабілеті, эмоциясы, көру қабілеті төмендейді әрі қияли әлемге жіпсіз байланғандардың көпшілігі күнделікті өмірде іс-қимыл траекториясы мен қашықтықты есептеуде қателіктерге бой алдырады екен. Медицина мамандары компьютерде көп отырған баланың есте сақтау қабілетінің төмендеп, омыртқа ауруына, шаш түсу, күйзеліске ұшырау аллергиялық ауруларға бой алдырғыш, қан айналысы, ас қорытуы, зат алмасуы бұзылады және басқа да көптеген ауруларға себеп болатынын ескертеді.

Сондықтан да техниканың билік құрып отырған дәуірінде ойын баласын дала ойындарына қызықтыру, ұлттық спорт ойындарына баулу заманның талабы болып отыр. Ұрпағымыздың саулығы, ұлтымыздың саламаты үшін денсаулыққа пайдалы, салиқалы, саналы ұлттық ойындарын жаңғырту бізге басты міндет екені сөзсіз. Ал біле-білгенге асық ойынының баланы дамытудағы алар орны ерен екен. Асық ойыны, баланың күн ұзақ қимылына тигізер әсері де мол. Ойын барысында: жүгіру, жүру, иілу, секіру, сақа иіру, көздеп тигізу, лақтыру, ату т.б. жатады. Мысалы, сақаны қолға алып, бір аяққа тұрып, бір аяқты серпіп қалып асық атқанда, он екі мүше түгел созылады екен. Бұл – буын ауруларына қарсы жаттығудың түрі. Екіншіден, күллі жүйке, тамыр ауруларынан құтыласыз. Отырып-тұрып кенейді тіккенде қан айналымы жақсарады. Сондай-ақ, баланы бәсекелестікке жетелеп, талаптылыққа тәрбиелейді. Расында, асық ойыны қазіргі педагогика тілімен айтқанда, таза денешынықтыру. Жүгіріп те аласыз, отырып-тұрасыз, көздейсіз, атасыз. Бір асық ойынының бойында спорттың барлық түрі сыйып тұр. Асық ойыны қазақтың мергендік мектебі деуге толық негіз бар. Мергендікпен қатар, баланың ептілігі, шапшаңдығы, табандылығы және қырағылығы жетіледі. Мамандардың дәлелдеуінше, асық баланың жүйке жүйесін қалыптастырып, ой-өрісін және білім көкжиегін кеңейтеді. Мінезін төзімділікке, қозғалысын дәлдікке ептейді. Көздің көру қабілетін арттырады. Асықты нысанаға алғанда қан тамырларының жұмысы жақсарады. Ал қолға ұстап иіргенде, саусақ пен алақандағы жүйке нүктелері үйкеліске түсіп, ми тынығады.

2013 жылы «Асық ату» ұлттық федерациясы құрылды. Оның президенті қызметін Мұрат Әбенов өз мойнына алды. Жер-жерде ұлттық ойынға деген қызығушылық қайта ояна бастады. Еліміздің әр аймақтарында асық атудан жарыстар ұйымдастырылып келеді. Мұрат Әбенов бір сөзінде: «Біздің асық ойнауды ұмытқанымызға ары кетсе 20 жыл болды. Оған қазір балалар арасында қызғушылық үлкен. Сондықтан оны қайта дамытуға болады. Дамыту үшін асық ойынын үйренуге арналған арнайы оқулық та жасалыпты. Сол бойынша алдағы уақытта мектеп балалары асық ойнауға үйретілмек», - деді. Енді «Асық ату» ұлттық федерациясы оған спорттық ойын атауын ресми түрде беріп, республикалық деңгейдегі дәстүрлі асық ату жарыстарын өткізуді жоспарлап отыр. Жеңімпаз топқа арнап Қубок та жасалып қойыпты. Осылайша ұлттық ойынымызды жаңғыртуға арналған тың өзгерістер басталып та кетті.

Түйін. Асық ату қазақ халқының қадірлі сүйектерінің бірі, баласының ермегі, ойыншығы, сүйікті ойыны болған. Жалпы асық ойыны – тек көңіл көтеру, құмарлық ойыны ғана емес, бейне бір шахмат ойыны секілді стратегиялық ойын. Бұл ойын ата-бабамыздың азаттық жолындағы ішкі-сыртқы қорғаныс мәселесін терең зерттеуден туса керек. Асық ойындары – елдің ішкі кемелін, хан мен халық арасындағы ынтымақты бейнелейтін ертеден мұра болып жеткен ойын түріндегі ұлт бірлігінің көрінісі.

Жанар ЕЛЕШОВА

«SMS+» №6-7 (43-44), 2013 жыл, 29 тамыз.