Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде сөйлеген сөзі
Еуразиялық одақ идеясынан – еуразиялық интеграцияның жаңа перспективаларына
Құрметті кездесуге қатысушылар!
Мен университет ұжымын соңғы онжылдықтарда ММУ-де жүзеге асқан орасан өзгерістермен құттықтаймын. Мені университеттің Құрметті профессоры ретінде сіздердің ғылыми жеңістеріңіз, әлемдік ғылым мен білім берудегі шептеріңізді нығайтқандарыңыз қуантады. Мен осыдан 14 жыл бұрын Владимир Путин Астанада М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дің филиалын ашу туралы идеямды қолдағанына терең қанағат сезіміндемін.
Осы жылы Астанадағы филиал өзінің мыңыншы тәлімгеріне диплом тапсырып үлгереді. Бұл – айтулы оқиға! Бүгінде ММУ дипломы бар мамандар Қазақстанның экономикасында, ғылымында және басқа да бағыттарда табысты жұмыс істеп жүр. Сондықтан ММУ-дің қазақстандық филиалының қалыптасуына қатысқандардың бәріне ризашылығымды білдіремін.
Қымбатты достар!
Жиырма жыл бұрын, ММУ қабырғасында мен алғаш рет жаңа интеграциялық бірлестік – Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы идеяны ұсындым.
Оның тұжырымдамасы біздің елдеріміздің барлық азаматтарына бірдей жақын және түсінікті шындыққа негізделді. Ортақ тарих, өзара экономикалық тартымдылық, мәдениеттердің тығыз өзара байланысы мен адамдардың жақындасуға ұмтылысы біздің халықтарымызға көпқырлы мемлекетаралық байланыстардың жаңа үлгісін құруға мүмкіндік береді.
Мен Еуразиялық Одақ тек еркіндік, тең құқықтылық, өзара тиімділік қағидаттары мен әр қатысушы елдің прагматикалық мүмкіндіктерін есепке алғанда ғана мүмкін деген ұстанымда болып келдім және соның берік жақтаушысы болып қала беремін. Бұл бастама қазір Еуразиялық интеграция деп аталып жүрген жаңа тарихи үдеріс үшін қадам басар нүктеге айналды.
Біріншіден, сол уақыттағы ТМД-дағы көптеген саясаткерлер үшін түсініксіз және лайықты бағаланбаған менің идеям бүгін іскер топтарда және қоғамдық-гуманитарлық деңгейде кең қажеттілікке айналды. Еуразиялық интеграцияны нәрлендіретін көптеген бірлескен алаңдар пайда болды және жемісті жұмыс істеп тұр. Бұл Еуразия Даму банкі, Еуразия Іскерлік кеңесі, Еуразиялық Медиа-форум, Еуразия университеттерінің асоциациясы және тағы басқалар.
18 жыл бұрын Астанада біз алғаш ашқан нысандардың бірі Лев Николаевич Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті болды. Бүгінде бұл – Орталық Азиядағы жетекші ЖОО. Лев Николаевич Гумилев Ресей мемлекетінің еуразиялық жолының тағдыршештілігін алдын ала білген көреген орыс интеллектуалдарының бірі болып табылады. Бұған аса көрнекті ойшылдар К.Леонтьевтің, Д.Данилевский мен басқа да көптеген ғалымдардың еңбектері айғақ бола алады. Бұл туралы Ресейдің тарихы, географиясы, мәдениеті, экономикасы да айтады. Бүгінде «еуразиялық интеграция» түсінігі саясаткерлер, экономистер, журналистер мен қоғамдық орта белсенді пайдаланып жүрген бренд болып отыр.
Екіншіден, қазіргі заманғы еуразиялық бастама ешқашан шындықтан алшақ болмағанын ерекше атап көрсеткім келеді.
Бірінші кезекте, ол тәуелсіздік пен саяси егемендік интеграциялық үдеріске қатысушы барлық мемлекеттер үшін басымдыққа ие екенін әркез есепке алып келді.
Сонымен бір мезгілде, оның мәні әуелден Қазақстанның, Ресейдің, Беларусьтің, сондай-ақ, Еуразия кеңістігіндегі басқа да елдердің қарапайым азаматтарының мүдделері туралы шынайы қамқорлықта жатқан еді. 1998 жылы мен «Қарапайым адамдарға қарай қарапайым жиырма қадам» бағдарламасын ұсындым. Осы жылдар ішінде оның барлық негізгі ережелері іс жүзінде орындалды.
Кеден одағы мемлекеттері арасындағы бірлескен шекаралар біздің елдеріміздің азаматтары кедергісіз кесіп өту үшін, жүктер мен тауарлар, валюта қаржыларын алып өту үшін мөлдір болды. 2009 жылдан бері Қазақстанның Еуразиялық экономикалық кеңістік және Кеден одағы әріптестерімен тауар айналымы 88 пайызға артып, 24,2 миллиард долларға жетті. Біздің Ресей мен Беларуське экспортымыз 63 пайызға өсті, оның ішінде өңделген тауарларды шығару 2 есеге ұлғайды. Біз ресейлік және беларусьтік компаниялармен бірлескен кәсіпорындар ашудамыз. Біздің елдерімізде жоғары, орта және кәсіптік білім туралы дипломдарды өзара тану туралы келісім жұмыс істейді.
Жыл сайын Қазақстанның, Ресейдің және Беларусьтің, сондай-ақ, басқа да бірқатар ТМД елдерінің ондаған мың азаматтары біздің мемлекеттеріміздің ЖОО-ларында оқуға, еңбекке орналасуға және жедел медициналық көмек алуға теңдей құқықтарды пайдаланады. Бір мемлекеттің азаматтарының басқа қатысушы елдің аумағында шағын және ортақ бизнес жүргізу үшін жағдайлар кеңейіп келеді. Еуразиялық интеграция мәдени-гуманитарлық байланыстарды, туризмді жемісті дамыту үшін көптеген басымдықтар береді. Осының барлығы миллиондаған адамдар үшін нақты тиімділік. Және бүгінде осының барлығы болмауы ықтимал екенін елестетудің өзі мүмкін емес.
Үшіншіден, еуразиялық бастама бүкіл ТМД кеңістігінде интеграциялық үдерістердің сипатын өзгертіп, серпінділік берді. Осылайша Ұжымды-қауіпсіздік туралы шарт ұйымы құрылды. 2000 жылы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық бекітілді. Тұтастай алғанда, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының қызметі мен оның құрылымдық буындары нақтырақ бола түсті.
Оның шеңберінде 40-қа жуық салалық мемлекетаралық органдар жұмыс істейді.
Төртіншіден, ХХ және ХХІ ғасырлардың тоғысында еуразиялық бастамасы халықаралық қатынастарға, оның ішінде оның алғашқы кезіндегі географиялық алаңынан тыс жерлерге де айтарлықтай ықпал етті. Арқаулық еуразиялық қағидаттар Шанхай ынтымақтастық ұйымын құруда және қызметінде қолданылды. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесте де осындай прагматикалық негіздегі үдеріс 20 жылдан астам уақыттан бері табысты жүргізіліп келеді. 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның Астана саммитінде мен Еуразиядағы қауіпсіздіктің ортақ құрлықтық тұғырнамасын қалыптастыру бойынша жұмысты бастауды ұсындым.
Сенім, тең құқықтылық және өзара тиімділік қағидаттарына негізделген ол еуропалық және азиялық өлшемдерді қоса алған болар еді. Бұл ұстаным ЕҚЫҰ-ның «Қауіпсіздік қоғамдастығы жолында» деп аталған Астана декларациясында көрініс тапты. Бесіншіден, еуразиялық идеясы қазір, ХХІ ғасырдың екінші онжылдығының ортасында нақты геоэкономикалық және геосаяси сұлбаға ие болып келеді.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес пен Еуразиялық экономикалық комиссия табысты жұмыс істеп тұр.
Қазақстан, Беларусь және Ресей Біртұтас Кеден кодексін қолданып, өздерінің макроэкономикалық саясаттарын үйлестіріп отыр.
Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясының 20 жылдығында Астанада осы интеграциялық бірлестік құру туралы тарихи шартқа қол қойылуы жоспарлануының нышандық мәні бар. Одақ жұмысына қатысуға бірқатар басқа да елдер қызығушылық танытып отыр. Еуразиялық интеграцияның экономикалық әлеуеті өте жоғары.
Тек қатысушы үш ел экономикасының жиынтық көлемі 2,2 триллион долларды құрайды. Үш ел шығарған өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 1,5 триллион АҚШ долларына жуықтады. Жиынтық ІЖӨ-нің өсімі түріндегі интеграциялық тиімділіктің перспективасы 2030 жылға қарай шамамен 900 миллиард долларды құрай алады.
Осылайша, еуразиялық интеграция бізге келе жатқан Үшінші жаһандық индустриялық революция алдында ортақ стратегиялық басымдықты қамтамасыз етеді. Ол әлемдік құрылыс парадигмасының көпқырлылық жағына қарай ауысуы драмалық актісі жағдайында жүріп жатыр. Қазіргі жаһандық тұрақсыздық – бұл тек экономиканың ғана емес, сондай-ақ, халықаралық құқықтың, жаһандық саясаттың дағдарысы.
Олардың алдында G-8 және G-20 дәрменсіздік танытуда. Нақ сондықтан 2012 жылы мен G-GLOBAL бастамасын ілгерілеттім. Оған 160 ел интерактивті қатысуда. G-GLOBAL әлемнің ХХІ ғасырдағы іргелі қағидаттарын: эволюцияны; әділеттілікті, теңдікті, консенсусты; жаһандық толеранттылық пен сенімді; жаһандық транспаренттілікті; конструктивті көпқырлылықты қамтиды.
Мен егер халықаралық құқықта, сыртқы саяси практикада, мемлекетаралық қатынастар тәсілінде түбегейлі өзгерістер жүретін болса, онда қазіргі жаһандық сын-қатерлер еңсерілетін болады деп есептеймін. Сондықтан, біздің G-GLOBAL қағидаттары туралы ұсыныстарымыз әлемдік қоғамдастыққа бүгінде қай кездегіден де пайдалы. Мен олардың әлемнің дамуына конструктивті сипат беруге қабілетті екеніне сенімдімін. Тұтастай алғанда, бүгін біз еуразиялық интеграциялық үдерістің орасан зор оң рөлі мен нақты нәтижелерін көріп отырмыз.
Интеграцияны одан әрі тереңдету – бұл тек жаңа мүмкіндіктер ғана емес, біздің мемлекеттеріміздің қазіргі және болашақ буын азаматтарының алдындағы ортақ парызымыз.
Қымбатты достар!
Жиырма жыл бұрын мен Еуразиялық экономикалық одақ құруға апаратын интеграциялық үдерістердің ядросын нақ Қазақстан мен Ресей құрауы тиістігін айтқан болатынмын. ХХІ ғасырдың басында еуразиялық интеграциялық дамудың жаңа серпін алғанында Владимир Путиннің маңызды рөлін атап өту қажет. 2010 жылы оны Дмитрий Медведев қолдады.
Қазақстан мен Ресейдің қатынасы әркез әріптестіктің үлгі тұтар мысалы болып келді және болып қалып отыр. Өткен 2013 жыл біздің елдеріміз үшін серпінді жыл болды. Екатеринбургте ХХІ ғасырдағы ізгі көршілестік және одақтастық туралы ғаламат шартқа қол қойылды.
Бүгінде біздің елдеріміз сенімді негізде өзара іс-қимыл танытпайтын сала іс жүзінде жоқ. Өнеркәсіптік кооперация үдерісі, оның ішінде өңіраралық деңгейде де, жүріп жатыр. Энергетикалық әріптестік, ғарыш саласындағы ынтымақтастық табысты дамып келеді, мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимыл кеңейе түсуде. Ресей – Қазақстанның аса ірі сауда әріптесі.
Өткен жылы біздің елдеріміздің арасындағы тауар айналымы 24 миллиард долларды құрады. Бұл – біздің қарым-қатынасымыздың барлық тарихындағы рекордты көрсеткіш. Ол көп жағдайда Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің арқасында мүмкін болды. Жалпы, өткен жыл біздің экономикаларымыз үшін оңай жыл болған жоқ. Өткен жылдың соңында Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы екіжақты шарт жасалды. Әуе шабуылына қарсы қорғаныстың біртұтас жүйесі жұмыс істейді. Өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінде біз Ресеймен халықаралық ұйымдар аясында тығыз өзара іс-қимыл танытудамыз. Сенім, тең құқықтылық, өзара тиімді ытымақтастық пен одақтастық – бұл біз ұрпақтан-ұрпаққа әрі қарай да беруге міндетті болып табылатын қазақстандықтар мен ресейліктердің ортақ құндылықтары.
Құрметті кездесуге қатысушылар!
Әлем әлі де толықтай айыға қоймаған жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс планетаның түрлі ареалдарының өңірлену үдерісін жеделдетті.
Ол Солтүстік және Оңтүстік Америкада, Оңтүстік-Шығыс Азияда, Парсы шығанағы субөңірі мен араб-мұсылман әлемінде, Австралия мен Океанияда, Батыс Африкада жүріп жатыр. Біз мемлекетаралық экономикалық-қаржылық қатынастарда ортақ алгоритмдерге ие ірі өңірлік жүйелер қалай қалыптасуда екенін көріп отырмыз.
ХХІ ғасырда өңірлік интеграция түрлі жаһандық тәуекелдерге қарсы тұруда маңызды фактор болатыны айдан анық. Қазір, жалпыға ортақ жаһандану жағдайында, бұл – мемлекеттердің экономикалық және өркениетті дамуындағы, олардың жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы түбегейлі мәселе.
Бүгін, Еуразиялық экономикалық одақ туралы айтқанда, сарапшылар мен саясаткерлердің бәзбіреулері әлемдік қоғамдық пікірді Кеңес Одағының мифтік «реинкарнациясымен» қорқытады. Мұндай пікірлер шындықтан алыс жатыр және негізсіз деп есептеймін.
Біріншіден, бүгін кеңестік үлгі бойынша реинтеграция үшін, тіпті, институттық база да жоқ. Барлығы түп-тұқиянымен тарих қойнауына кеткен.
Екіншіден, посткеңестік кеңістік халықтары өздерінің жеке мемлекеттілігін құрды. Үшіншіден, меншіктің қазіргі жүйесі, біздің қоғамдарымыздың әлеуметтік құрылымы мен экономикалық қалпы кеңестік архаикадан тым алысқа ұзап кетті.
Және мұнда біз Ресей және Беларусь басшылығымен бір пікірдеміз. Алайда, қазіргі дүниеде жүзеге асырылып жатқан бірнеше өңірлік интеграциялық жобалар бар екенін байқамау да қиын. Бірақ олардың бірде-бірі қалыптастырылып жатқан Еуразиялық экономикалық одақ сияқты біржақты бағалауларға ие емес.
Ашық айтайын, мұндай теріс бағалаулардан мен, бір жағынан, Еуразиялық экономикалық одақ жаһандық экономикалық гравитацияда басқа орталықтарға айтарлықтай күшті бәсекелес болатындай әлеуетке ие деген қауіпті бүркемелеу әрекетін көремін.
Іс жүзінде, құқық тілімен айтқанда, әңгіме біздің жаңа интеграциялық бірлестігіміздің қалыптасу кезеңінде-ақ жаһандық ауқымдағы әділетсіз бәсеке әдіс-тәсілі туралы болып отыр. Неліктен олар Еуропалық және Еуразиялық экономикалық одақтардың орасан зор жақындасу перспективалары туралы айтпайды? Бұл жерде пайда әркімге де айқын.
Екінші жағынан, түрлі ақылға қонбайтын әңгімелер ағыны еуразиялық интеграцияның әлеуеті мен перспективаларын тек нақтылай түседі. Жиырма жыл бұрын, Еуразиялық Одақ жобасын ұсына отырып, мен экономикалық прагматика оның табыстылығын айқындайтынын алдын ала болжаған едім.
Қашанда «Әуелі – экономика, сосын саясат» белгілі формуласының шынайы жақтаушысы болдым және болып қалып келемін. Бұл қағидат біздің еліміздің ішкі де, сыртқы да саясатына теңдей тарап, жалпыға ортақ сипатқа ие болып отыр. Мұндай қадам Қазақстан дамуының барлық саласында – экономикалық реформалардан халықаралық аренада әріптестермен прагматикалық қатынастар қалыптастыруға дейінгі экономикалық реформалардың дәйектілігін қамтамасыз етті.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап біздің еліміз бұралаңсыз және түсініксіз қимылдарсыз, әлеуметтік сілкіністерсіз және ішкі жанжалдарсыз дамып келеді. Біз қашанда лайықты әріптес болып қалудамыз, флюгер секілді өзіміздің сыртқы саяси басымдықтарымызды ауыстырмаймыз.
Ашығын айтқанда, ТМД-ның көптеген елдеріне осындай кешенді саясат түзіп, осындай тұрақты дамуға қол жеткізу мүмкін болмады. Бүгін, бүкіл дүниежүзі Украина туралы айтып жатқанда, мен де бұл мәселені айналып өте алмаймын.
Сіздер менің Украинада оқығанымды, украин халқының тағдырына бей-жай қарай алмайтынымды білесіздер.
Мен осы елде болған сілкіністерді жүрегім қан жылай отырып қабылдаймын. Украина бұрынғы Одақта өзінің өнеркәсіптік әлеуеті, индустриялық базасы бойынша екінші болатын. Ол өз бетінше сенімді даму үшін басқа барлық республикаларға қарағанда алғашқы мүмкіндіктері айтарлықтай көп ел еді.
Алайда, тәуелсіздіктің екі он жылында бұл елде экономикамен және қарапайым адамдардың әл-ауқатымен айналысқандар аз болды, есесіне саясатпен көп әуестенді.
Қазіргі Украина дағдарысының басты себебін осыдан көремін. Біз бауырлас украин халқына тұрақтылықты, келісім мен бірлікті жедел қалпына келтіруді тілейміз. Қандай жағдайда да Украинаға біздің елдерімізбен сауда қатынасы тиімді. Мұны естен шығармау керек.
Мемлекеттің интеграцияға қатысуы ұлттық экономиканы индустрияландыру, адамдарды жұмыспен қамту, бизнесті дамытуға оңтайлы жағдай жасау үшін ынталандырушы қызметін атқаруы тиіс. Халықтардың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ететін, бірінші кезекте, тиын-тебен үшін жатжұртта емес, өз елінде адамдарға адал да әділетті еңбек ету үшін жаңа мүмкіндіктер беретін интеграция ғана табысты болады.
Экономика мен азаматтардың әл-ауқаты мәселелері Қазақстанның еуразиялық интеграцияға қатысуы тұрғысынан басымдыққа ие. Біз болашақта Еуразиялық экономикалық одақтан еліміздің инновациялық серпінділігі мен жедел дамуы үшін орасан мүмкіндіктер көреміз.
Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда дамудың 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімді жаңа стратегиясы жүзеге асырылып жатыр. Біз «Қазақстан-2030» Стратегиясын мерзімінен бұрын жүзеге асырдық және енді өз алдымызға жаңа – ХХІ ғасырдың ортасына қарай әлемдегі ең дамыған 30 елдің біріне айналу мақсатын қойдық. Біз бұл мақсатқа жалпы еуразиялық геоэкономикалық кеңістіктің егемен және лайықты бөлігі ретінде қол жеткізбек ниеттеміз.
Біздің Еуразиялық экономикалық одақ бойынша әріптестерімізге жоғары меже – 2050 жылға қарай әлемдегі интеграциялық бірлестіктер көшбасшыларының алғашқы үштігіне ену межесін қоюды ұсынамын. Бұл жерде Ресей экономикасының рөлі өте маңызды.
Сондықтан біздің бірлестіктің дамуы экономикалық прагматизм; теңдік пен жауапкершілік, дамудың эволюциялылығы мен Еуразиялық экономикалық одақтың ашықтығы қағидаттарында арқаулық алуы тиіс. Қазақстан жаңа биіктікке жолды жоғары қарқынмен бастайды.
Өткен жылы біз Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексінде 50-ші елге айналдық. Бизнесті жүргізу жеңілдігі рейтингі бойынша біз 50-ші орын алдық және бұл көрсеткішті жақсартудамыз. 2013 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда ІЖӨ 6 пайызға өсті.
Елдің жиынтық халықаралық резервтері қазірдің өзінде шамамен 100 миллиард долларды құрайды. Қазақстанда айқын жаңғырту міндеттері алға қойылып, жүзеге асырылуда. Бұл, ең алдымен, экономиканы үдемелі индустрияландыру. Оның шеңберінде 4 жылда 780 жаңа кәсіпорындар салынып, 250-ден астам өнімнің жаңа түрлері игерілді.
Бүгінде әлемнің 111 елі қазақстандық кәсіпорындардың дайын өнімдерін сатып алуда. Біз жыл сайын, электр энергиясы, энергия үнемдеу және «жасыл технологиялар» саласындағы жобаларды қоса алғанда, жүздеген жаңа инновациялық кәсіпорындарды іске қосудамыз. Біз ТМД-да бірінші болып «Жасыл экономиканы» дамыту Стратегиясын қабылдадық. Бізде мұнай-газ шикізатын мұнай-химиясы, туризм, терең өңдеу сияқты инновациялық кластерлер дамуда.
Қазақстанда бұрын ешқашан болмаған экономиканың жаңа салалары – автомобиль және авиақұрылыс, тепловоздар мен вагондар, Жер серігі, электроника және басқа да көптеген салаларға негіз қаланды. Азық-түлік өндірісінің өңірлік орталығы ретінде аграрлық сектор ырғақты дамуда.
2015 жылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің құрылысы аяқталады – бұл біздің аумақ арқылы өтетін және Ресей мен Беларусьте салынып жатқан 2700 шақырым. Өз көршілерімізбен бірге біз Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азияға, Иран мен Парсы шығанағы елдеріне шығатын жаңа темір жол магистральдарын салып, аяқтадық.
Бізде білім беру саласында маңызды өзгерістер жүзеге асуда. Бүкіл әлем бойынша жетекші университеттерде 20 мыңға жуық жас қазақстандықтар білім алуда. Озық халықаралық жоо-лардың 10 мың түлегі қазірдің өзінде біздің экономикада, мемлекеттік қызметте, өндірісте, мектептерде, жоо-лар мен ауруханаларда жұмыс істейді.
Астанада әлемдік деңгейдегі жаңа университет ашылды, барлық өңірлерде 20 интеллектуалдық мектептер салынды. Жүректі және басқа да органдарды ауыстыру жөнінен операциялар, діңгекті жасушалармен емдеу және басқа да инновациялар қазақстандық медицинаның шындығына айналды. Қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы артуда. Бұл осы салаларға елеулі мемлекеттік қаржыларды салудың арқасында мүмкін болып отыр. Өздеріңіз білесіздер, мен әрқашанда «еуразиялықтар мектебі» ғылыми мұрасына, әсіресе, Лев Гумилевтің бірегей тарихи тұжырымдамасына ерекше құрметпен қарадым. Бұл бағыт бізге көптеген уақыттан озық идеялар қалдырды. ХХІ ғасырда оларды тереңдетіп оқу ерекше көкейкестілікке ие болуда. Бірақ жаппай жаһандану жағдайында өмір сүріп жатқан біз үшін ең құндысы сол, Гумилев еңбектері барлық халықтарға өзіміздің бірегей тарихи-мәдени кодымызды, және біздің бәріміздің еуразиялық екенімізді мақтан тұтуға мүмкіндік береді!
Еуразиялық интеграция – ол бізге екі мыңжылдық белесінде тарихи прогрестің объективті қадамын ашқан ұлы мүмкіндік.
Құрметті кездесуге қатысушылар!
Еуразиялық Экономикалық Одақ идеясы қалың жұртшылықтың, соның ішінде ғылыми қоғамдастықтың қолдауымен нақтылы іс-қимылдардың егжей-тегжейлі бағдарламасына айналды. ЕурАзЭҚ, ТМД-ның көптеген елдерінің қатысуындағы еркін сауда аймағы, Қазақстан, Беларусь және Ресейдің Кеден одағы, Біртұтас экономикалық кеңістік – бұл біздің бірлескен жұмысымыздың дәйекті жемісі. ХХІ ғасырда біз қысқарған тарихи уақыт феноменінің куәсі болдық. Бұл бүкіл жаһанданған әлем бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлердің бірі. Еуразиялық интеграцияның көптеген нақты мәселелерін бізге мейлінше шектеулі мерзімдерде шешуге тура келеді.
Салыстыру үшін Еуропадағы интеграция үдерісінде, кеден одағын құруға – 11 жыл, ортақ рынок құру үшін – 34 жыл, экономикалық және валюталық одақ үшін 40 жыл қажет болды. Бірақ онда өзгеше тарихи жағдай, тәуекелдер мен сын-қатерлердің басқадай жүйесі болды. Еуразиялық интеграцияда бүгінде ешқандай да «уақыт байлығы» жоқ.
Кеден одағы тек 2011 жылдан бастап қана жұмыс істей бастады. Бізге ХХІ ғасырдағы туындап келе жатқан және бұлтартпас кең ауқымды технологиялық өзгерістер және өзге де сын-қатерлер салдары ретіндегі жаһандық экономиканың цейтноты жағдайында іс-қимыл жасауға тура келеді.
Еуразиялық одақтың, бүгінде Еуроодақ бастан кешіп отырғандай, әлемдік экономикадағы түрлі дағдарысты ахуалдармен бетпе-бет келуі мүмкін. Дағдарысты ахуалдар біздің экономикаларымызда да пайда болуы мүмкін. Украиналық жағдай – біз үшін жақсы уақыт емес. Біздің идеямыздың күйреуін қалайтындар да аз емес. Сондықтан Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге қол қойғанда осы сын-қатерлерді барынша ескеруге тиіспіз.
Бұл факторлар біздің шешімдерімізде қандай да бір «бұлдыр сағым» көзқарастар туындатуға тиіс емес. Өкінішке қарай, сараптамалық деңгейде алаңдатарлық «шыдамсыздықтар», ашық айтқанда, болашақ экономикалық одақты дағдылы қалыппен «тезірек қалқитуға» ұмтылушылық бар. Әрине, мазмұнға нұқсан келтіре отырып. Мен мұндай қарадүрсін көзқарастардың жақтаушысы емеспін.
Бәрі де геоэкономикалық немесе геосаяси конъюнктуралардың жаңа өзгерістері жағдайында еріп кетуі мүмкін ақшаңқан түспен жарқылдаған ақшақар соғып жатпағанымызды түсінуі керек. Шынайылық үшін еске сала кетейін, ТМД-дағы жекелеген интеграциялық бірлестіктер туралы бұдан дейін де «жылдам шешімдер» қабылданған болатын.
Бұрынырақта, сонау 90-шы жылдары, жалпы валюталық, кеден және экономикалық және басқа да кеңістіктер құру туралы түрлі форматтардағы келісімдерге қол қойылды. Солар қазір қайда? Олар кімнің есінде?
Олар тек тіпті, тарих оқулықтарында да көрініс таппаған табыссыз талпыныстар күйінде қалды. Еуразиялық экономикалық одақ жағдайында біздің мұндай қателіктер мен бос ұрандатушылыққа құқымыз жоқ. Ашық айтайын, бүгінде кез келген асығыстық немесе жете ойласпаушылық оны іскер топтар мен миллиондаған адамдардың қолдауынан айыра отырып, интеграциялық үдерістердің түбіне жетуі мүмкін.
Қазақстанның экономикалық одақ құру туралы келіссөздер үдерісіндегі бірқатар қағидатты ұстанымдарының негізінде дәл осындай сенім жатыр. Биыл біз Еуразиялық экономикалық одақ туралы Келісімге қол қоюдың тарихи белесіне шығамыз. Сонымен бірге, бүгін одан арғы стратегиялық іс-қимылдарды кем дегенде 15-20 жыл алға белгілей отырып, көкжиектен әрі көз тастаудың маңызы зор.
Ең алдымен, Еуразиялық экономикалық одақтың ХХІ ғасырдың бірінші жартысындағы басты миссиясының екі маңызды аспектіден тұратынын түсінудің маңызы зор.
Біріншіден, әлемдегі шешуші экономикалық макроөңірлердің бірі болу. Сарапшылардың есептеуінше, қазіргі жүзжылдықта «экономикалық тартылыстың» әлемдік орталығы Шығысқа, Азияға, соның ішінде, болашақ экономикалық одақтың аумағына қарай ауысады. Біз әлемнің ең ірі өндіруші массивтері – Еуроодақ пен Азия-Тынық мұхиты өңірі арасында орналасқанбыз. Бұл Шығыс пен Батыстың, Еуропа пен Азияның арасындағы геоэкономикалық көпір ретінде бізге табиғи бәсекелестік артықшылығын береді. Сонымен бірге, бір ареалдан екіншісіне тауарлар мен технологияларды беруде әншейін делдал болып қала алмаймыз.
Еуразиялық экономикалық одақ бірден трансұлттық бизнес үшін жаһандық инновациялар мен тартылыстардың жаңа орталығы ретінде құрылуы тиіс. Екіншіден, Еуразиялық интеграцияның маңызды құрамдас миссиясы әрбір қатысушы елдің әлемнің неғұрлым дамыған мемлекеттерінің қатарына енуін қамтамасыз етуінде.
Еуразиялық экономикалық одақ халықтар мен бүкіл ұлттық экономикалар үшін ауыртпалық емес, игілік болуы тиіс. Бізде еуразиялық интеграцияның халықтың әл-ауқатының, экономиканың өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігінің өсуіне тигізетін ықпалын өлшейтін индикаторлардың айқын жүйесі болуы керек. Тек осындай көзқарасты ұстана отырып қана, біз «еуразиялық таңдаудың» тартымдылығын қамтамасыз етіп, Еуразиялық экономикалық одақтың тағдыршешті мақсаттарына қатысты кез келген күмәнді біржола теріске шығара аламыз.
Еуразиялық интеграцияның бүкіл үдерісі дәл осынау маңызды екі бірегей өркениетті миссияны шешуге функциялық және практикалық тұрғыда бағындырылуы тиіс. Тек осылай ғана еуразиялық интеграцияның үзіліссіз табысын және оның мақсаттары мен міндеттеріне деген жалпыға ортақ қоғамдық қолдауды қамтамасыз етуге болады. Менің пайымдауымша, Еуразиялық экономикалық одақтың таяудағы 15-20 жылдағы даму стратегиясында келесі басымдықтарды қарастырған маңызды.
БІРІНШІ. Ол ұлттық экономикалар мен еуразиялық интеграцияның бүкіл кеңістігінің жеделдетілген инновациялық технологиялық серпілісі үшін арқаулық жағдайлар қалыптастыру. 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған Еуразиялық инновациялық-технологиялық өзара іс-қимылдар бағдарламасын әзірлеп, қабылдау маңызды деп санаймын.
Онда күш пен қаржыны шашыратып алмай, экономикалық өсімнің бірлескен нүктелерін белгілеу, неғұрлым перспективалы бағыттар бойынша бірқатар индустриялық консорциумдар құру маңызды. Мәселен, минералды ресурстарды тереңдетіп қайта өңдеуде, аэроғарыш, химия, машина жасау, агроөндіріс, энергетика, көлік салаларында. Біздің инновациялар саласындағы қызметтестігіміздің мәселелерімен айналысатын теңбе-тең негіздегі Еуразиялық инновациялық Кеңес тағайындау маңызды деп санаймын.
Екіжақты, сондай-ақ көпжақты негізде бірлескен ғылыми-зерттеу кластерлер құру қажет. Нақты жобалар экономикалық интеграцияның қозғаушы күшіне айналып, бәсекеге қабілетті өнімдер шығарып, жұмыс орындарын құрып, ұлттық бюджеттерге аударымдарды ұлғайтуы тиіс.
ЕКІНШІ. Еуразиялық экономикалық одақтың аумағы, бүкіл Еуразия ауқымында, жалпықұрылықтық инфрақұрылымның озық буынына айналуы керек.
Бұл жерде бірқатар жобаларды әзірлеп, жүзеге асыру маңызды. Мәселен, Біртұтас Еуразиялық Телекоммуникациялар Желісін құру, Минск – Мәскеу – Астана – Алматы бағыты бойынша жүрдек темір жол магистралын салу, қазіргі бар, әсіресе, батыста – еуропалық, шығыста –қытайлық көлік жүйелеріне шығатын автомобиль және темір жолдар желісін жаңғырту, сондай-ақ, «Еуразия» арнасының «Каспий-Қара теңіз» жобасын жүзеге асыру. Келісілген және біркелкі тарифтер бойынша бүкіл ұлттық экономикаларды газбен қамтамасыз ететін Бірегей ішкі газ тасымалдау желісін құрудың болашақ еуразиялық экономиканың беріктігі үшін маңызы зор. Энергетика кешенін терең интеграциялаудың жол картасы ретінде бірлескен «Еуразиялық энергетика» бағдарламасын әзірлеп, қабылдау қажет. Сондай-ақ, біз Ресеймен бірлесіп, бізде АЭС салуға тиіспіз.
ҮШІНШІ. Жалпыеуразиялық экономиканың негізін шағын және орта бизнес құру екені мен үшін барынша ашық мәселе. Бұл мүмкін деген экономикалық сипаттағы барлық жаһандық сын-қатерлерге икемді жауап беруді қамтамасыз етудің ең маңызды мәселесі. Қаржылық және сервистік қолдау институттарын жұмыс істеп тұрған Еуразиялық даму банкі базасында құруға болады. Еуразиялық интеграцияның ақпараттық-сараптамалық және ғылыми-тәжірибелік инфрақұрылымын құру қажет.
Еуразиялық экономикалық одақ механизмдерін қалыптастыру біздің елдеріміздің озық сарапшылары мен ғылыми әлеуеттерінің күшін тарту нүктесіне, мүдделерді үйлестіру көзқарастарын белгілеу алаңына айналуы тиіс.
Ұлттық аграрлық салалардың ғылыми-тәжірибелік әлеуетін біріктіре алатындай Еуразиялық аграрлық академия тағайындау орынды болмақ. Аграрлық сектордағы кооперация азық-түлік экспортына қуатты серпін береді, сонымен бірге ол біздің ауылшаруашылық тауар өндірушілер арасында бәсекелестік туғызбауы керек.
ТӨРТІНШІ. Еуразиялық экономикалық одақ мақсаттары оның құқықтық және ұйымдастырушылық тетіктеріне айрықша талаптар қояды. Олар қатаң қағидаттарға негізделген, сонымен бірге, кез келген өзгерістерге тиісінше әрекет ете алатындай жеткілікті икемділікке ие құрал болып табылуы тиіс. Еуразиялық экономикалық одақ органдарын басқару құрылымы мен тәсілдері өзге интеграциялық құрылымдардан алынған әншейін бір көшірме болмауы тиіс екені белгілі. Менеджменттің біздің бірлестігіміздің ерекше миссиясына жауап беретіндей инновациялық модельдерін іздеу қажет. Бұл оларды бюрократиядан және ұлттық мемлекеттік аппараттар шенеуніктерінің қажет емес синекурасына айналуынан қорғайды. Сіздер менің Еуразиялық экономикалық одақтың ұлтүстілік органын Еуразия құрлығының дәл жүрегінде орын тепкен Астанада орналастыруды ұсынғанымды білесіздер.
Бұл жерде ешқандай асқақ ойлаушылық жоқ. Бұл кез келген ел үшін жүктеме. Мен мұны, біріншіден, бүкіл экономикалық кеңістікті реттеу алгоритмін теңдестіру қажеттілігі бойынша негіздедім. Екіншіден, Ресей «бәрін өзі үшін құруда» деген еуразиялық интеграцияға қатысты барлық сыртқы күмәндарды жоюдың маңыздылығы үшін. Басқа нұсқа ретінде мен осыдан жиырма жыл бұрын географиялық жағынан Еуропа мен Азия түйісетін өңірде орналасқан қаланы одақтың орталығы жасауға шақырғанымды еске сала кетпекпін.
Қазақстандық Атырау, Ақтөбе немесе ресейлік Екатеринбург қалаларының кандидатураларын зерттеуге болады деп есептеймін. Бірақ Астана бұл рөл үшін анағұрлым дайын.
Бүгін мұндай таңдауды мен қосымша жаңа еуразиялық агломерация, еуразиялық интеграция аумағының орталық бөлігінде жаңа өсу орталығын құрудың маңыздылығымен дәйектеймін. Ол Еуразиялық экономикалық одақтың әкімшілік орталығының біртұтас экономикалық кеңістіктің шеткі нүктелерінен шамамен бірдей алшақтығы негізінде бүкіл реттеуші тетіктерді бекемдей алар еді.
БЕСІНШІ. Мен экономикалық интеграцияның біздің халықтарымыз арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың белсенділігін арттыратынына және оларды неғұрлым тереңдете түсетініне сенімім мол. ХХІ ғасыр мәдени сегментті ІЖӨ өсуінде қомақты пайыздар әкелетін ұлттық экономикалардың сөзсіз маңызды құрамдасына айналдырады. Бұл туризм, соның ішінде тарихи-мәдени экологиялық және медициналық туризм. Бұл инновациялық-индустриялық даму мен басқару жүйесі үшін айрықша маңызды білім беру қызметтері.
Бұл экономиканың көңіл көтеру, спорт сектор және ақпараттық өнім өндірісі. Сонымен бірге, мәдени-гуманитарлық интеграция үдерісінің қандай да бір сегменттің үстемдігінен еуразиялық кеңістіктегі рухани-мәдени алуандылықты жойып жібермеуі де маңызды. Мен біздің кез келген елімізде мәдениеттің ұлттық мазмұнының эрозиясына жол беруге болмайды деп есептеймін. Сондықтан мүше мемлекеттердің мектептері мен жоо-ларында бір-біріміздің тарихымызды, әдебиетімізді мәдени мұралар мен тілді оқып-үйренуді ынталандырудың маңызы зор.
Бізде болашақта пайда болатын еуразиялық хабар тарату құрылымдары интеграциялық үдеріске қатысатын барлық елдердің мемлекеттік тілдерін пайдалануы маңызды деп санаймын. Ол бізді жақындата түседі және сенімді арттырады. Сондай-ақ Астанада Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы Келісімге қол қою күнін Еуразиялық интеграция күні деп жариялауды ұсынамын.
Қымбатты достар!
ХХІ ғасырда еуразиялық интеграцияға жүріп өтуге тура келетін стратегиялық жолға қатысты менің пайымым, бүтіндей алғанда осындай. Мен сіздермен – жастармен тікелей жұмыс істейтін ғылыми элитамен тағы да өз ойларымды бөлісіп отырмын. Біздің экономикалық одақтың құрылғысы – қатып қалған догмат емес. Бізге уақыттың көптеген күрделі сын-қатерлерімен бетпе-бет келуге тура келеді. Интеграциялық таңдау – «сиқырлы таяқша» емес, және таңғажайыптарға кепілдік бере алмайды. Тек уақыт қана барынша иландыру дарынына ие.
Мен еуразиялық интеграция идеясын жариялағаннан кейін өткен екі онжылдық тәжірибесі оны растай түседі. Мен Еуразиялық экономикалық одақтың қалыптасуының маңызды сатысына деген менің көзқарастарым мен пайымдауларымның ғылыми топтар мен жұртшылық арасында қолдау табатынына шынайы үміт артамын. Мен ХХІ ғасырдың ұлы, өркендеген Еуразия жүз жылдығы болатынына терең сенімдімін.
Назарларыңызға рахмет!
Қазақстан Республикасы президентінің ресми сайтында жарияланған ММ-дегі Н.Ә.Назарбаев дәрісінің толық мәтіні