Аккредитация және рейтинг жөніндегі тәуелсіз агенттігі құрған ұлттық рейтингте Торайғыров университетінде жүзеге асырылатын оқу бағдарламаларының үштен бір бөлігі көшбасшылық орындарға ие болды.

Рейтинг тізімінде 15 бағдарлама болды. Олардың қатарында мәдениеттану, мұнай-газ ісі, философия, әлеуметтану, саясаттану, кітапхана ісі, химия, құрылыс материалдары, бұйымдар мен конструкцияларды өндіру, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы, педагогика және психология (докторантура) және т.б. бар.

Рейтингтің екінші орнында 10 оқу бағдарламасы болды. Олардың ішінде орындаушылық өнер, жылу энергетикасы, математика, металлургия, филология (докторантура), электр энергетикасы (докторантура) бар.

Бағыттар бойынша үшінші орындағы рейтингке 22 бағдарлама енді: экология, география, туризм, журналистика, автоматизация және басқару, физика, құрылыс, көліктік құрылыс, стандартизация, сертификация және метрология, орман ресурстары және орман шаруашылығы, азық-түлік өнімдерінің технологиясы, биология (докторантура).

Бұл жоғары оқу орны беретін білім экономика және қоғам тарапынан сұранысқа ие екенін дәлелдеп, бүгінгі заман талабына сай екенін айғақтайды.

Еске салайық, Қазақстандағы оқу орындары ішінде Торайғыров университеті Акредиттеу және рейтинг тәуелсіз агенттігінің рейтингі бойынша бесінші орынға ие. Рейтингті құру барысында бірқатар көрсеткіштерге назар аударылады: оқытушылық-профессорлық құрамы ғылыми еңбектерінің халықаралық рейтингтік журналдардағы сапасы, табысты жобалар, ҚР БҒМ гранттарының жүзеге асырылуы, марапаттар мен мемлекеттік шәкіртақылар, патенттердің саны, түлектерді жұмыспен қамту, олимпиадалардағы жеңістер, үздік студенттер, шетелдің оқу орындарымен ынтымақтастық және т.б.