Агроинновация және биотехнология ғылыми-зерттеу институтында ауыл дамуына керекті оқу курстары өткізілді

Торайғыров университетінің Агроинновация және биотехнология ғылыми-зерттеу институты базасында сүтті және етті асыл тұқымдық малдың құндылығын бағалауды ұйымдастыру және жүргізуді оқыту курстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларын қолдан ұрықтандыратын техник мамандарына да арнайы оқу жоспарлы түрде өткізілді.

Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақтобе, Павлодар обылыстарынан келген отызға жуық тыңдаушыларға арналған курстарды белгілі ауылшаруашылығы Тоқтар Бексеитов, Надия Борамбаева, Рүстем Абильдинов, Талғат Сейтеуов жүргізді.

Агроинновация және биотехнология ғылыми-зерттеу институтының директоры Қайролла Ақажановтың айтуы бойынша, мұндай курстар енді тұрақты түрде әр жылы ұйымдастырылып тұратын болады. Институт ғалымдарының жуыр арада ауыл шаруашылығы дәнді дақылдар егісінің апробаторларын дайындауды да қолға алатын ойлары бар.

Курстардың практикалық бөлігі облыстың алдыңғы қатарлы шаруашылықтарының бірі «Победа» ЖШС базасында өткізілді. Сонымен қатар, тыңдаушыларға жануарларды қолдан ұрықтандыруды оқытудан басқа, эмбриондарды трансплантациялауды қалай ұйымдастру керектігі Победа серіктестігінде өткен практикалық сабақтарда көрсетілді. Курс аяқталғаннан кейін, алған білімдері арнайы емтиханда бағаланды.