Павлодар облысы экологиялық кеңесінің кезекті отырысында қоршаған ортаға қатысты мәселе төңірегіндегі қоғамдық тыңдаулардың тиімділігі талқыланды.

Дөңгелек үстел басынан аймақтық Орхусс орталығы, облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының өкілдері, С. Торайғыров атындағы ПМУ ғалымдары, жобалаушылар мен жобалар сарапшылары қатысты.

Шараға келген азаматтардың айтуынша, қоғамдық тыңдауларды ұйымдастыру барысында бірқатар талаптарды орындау керек. Олардың қатарында ҚР-ның қоршаған орта, сәулет-құрылыс қызметіне қатысты Заңнамасын сақтау, мемлекеттік органдар ұсынатын ақпараттың сапасын қадағалай мәселелері бар. Мысалы, жобалардың атауларын шифрлеумен жазылған хабарламалар қоғам мүшелері арасында түсінбестік тудырады.

Жиналған қауым Қазақстан Республикасының жаңа экологиялық кодексіне енгізілген ұсыныстарды тілге тиек етті. Жаңаланған құжатта стратегиялық экологиялық бағалаудың жаңа түрі қарастырылған. Бұл қоғам мүшелеріне стратегиялық шешімдерді қабылдауға қатысуға мүмкіндік береді.