Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында өткен ойынға көңілді тапқырлар клубының жеті командасы қатысты.

Павлодарға арнайы келген қазылар алқасының мүшесі «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Есен Елеукен өңіріміздегі Жайдарман ойнының деңгейіне өз бағасын берді.

- Солтүстік өңірлерде жайдарманды ұйымдастыру оңай шаруа емес, - деді Есен Елеукен. – Павлодардың ең алғашқы ұйымдастырулары өте жақсы болған. Кейіннен басқа толқын келіп, ол қарқын біраз саябырсып қалды. Бұл өмір ғой.

Ойын нәтижелеріне келсек, бірінші орынды С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың «Драйв» командасы жеңіп, 200 мың теңге сыйақыға ие болды. Екінші орын мен 60 мың теңгелік сыйақыны «Күлкі фабрикасы» ұтса, үшінші орын мен 40 мың теңгелік сыйақыны Баянауыл құрамасы місе тұтты.