Алдағы уақытта ПМУ-де болашақ мұнай өңдеушінің мектебі жұмысын бастайды. Бұл - университет пен Павлодар мұнай-химия зауытының ортақ жобасы.

Жоба әр мектеп оқушысына мақсатты дайындықтан өтіп, кейін «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» білім беру бағдарламасы бойынша жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік береді.

Білім беру химия, физика, Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы және математикалық сауаттылық пәндері бойынша өтеді.

Химия және химиялық технологиялар кафедрасының меңгерушісі, х.ғ.к., қауымдастырылған профессор Мәдениет Елубайдың айтуынша, сабақтар университет базасында өтеді. Сарапшылар 10-11 сынып оқушыларын даярлау бойынша дайындық жоспарын әзірлеп қойды. Негізгі оқудан бөлек жастар ғылыми жобаларын әзірлейді.

Оқу бағдарламасы аясында кәсіпорында экскурсиялар ұйымдастырылып, зауыт өкілдерінің қатысуымен шеберлік сағаттары ұйымдастырылмақ.

Айта кетерлігі, болашақ мұнай өңдеушінің мектебі оқушыларға таңдаған мамандықтарымен танысумен қатар, ПМУ-де жоғары білім алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, келешекте «ПМХЗ» ЖШС-не жұмысқа орналасуға жол ашады.

Оқу шығындарының бір бөлігін зауыт өз мойнына алады.