С. Торайғыров атындағы ПМУ энергетика факультетінің ғалымдары Екібастұз қаласындағы «KEGOC», «Самұрық-Энерго» АҚ-ы, «Горэлектросеть» кәсіпорындарны және Ерейментау қаласындағы «Бірінші жел электр станциясы» ЖШС-де болды.

Қос тарап әріптестікті дамытумен қатар, кәсіпорындардың мәселелері мен оларды шешу жолдарын қарастырды.

Екібастұз қалалық электр желісіне жауапты ұйым жетекшісі маман тапшылығына тоқталды. Төмен жалақының салдарынан кадрлар өзге жұмыс орындарына кетуде. Мәселені шешу мақсатында алдағы уақытта студенттер үшін тәжірибе ұйымдастырылып, жұмысқа орналастыру жоспарланған.

Т.ғ.д., электрэнергетика факультетінің профессоры Александр Новожилов «KEGOC» АҚ-да кернеу мен тоқ трасформаторынсыз жұмыс істейтін диагностика және қорғаныс схемасы құралдарын енгізуді ұсынды.

Ғалымдар бірінші жел электр станциясының басшылығымен кездесу барысында «таза» энергияны тек кәсіпорындарда емес, шаруа қожалықтарында да енгізу бойынша әңгіме өрбітті.

Еске салсақ, Ерейментау қаласында алғашқы 22 жел құрылғысы «таза» энергияны 2015 жылдан бері енгізуде.

Бұл тәжірибені Қазақстан бойынша дамыту мақсатында желдің соғуын, бағытын жіті зерттеп, қарастыру керек. Желдің легі энергияның қуатын анықтайды.

Ғалымдардың айтуынша, жеке тұлғаларға баламалы энергия көздеріне назар аударған жон.