С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде техника ғылымдарының кандидаты, ПМУ профессоры, Металлургия кафедрасының меңгерушісі, Қазақстанның құрметті металлургі Мерхат Сүйіндіковтің 60 жылдығы аталып өтті.

Шараға ПМУ ректорының м.а., экономика ғылымдарының докторы Мейрам Бегентаев, ғылыми қоғамдастық, Мерхат Мәдениұлының әріптестері, түлектер мен студенттері қатысты.

Мерекелік кездесуді салтанатты марапаттау рәсімімен ашты. М. Сүйіндіков «Ы. Алтынсарин» және «Облыс алдындағы жетістіктері үшін» төсбелгілерімен марапатталды.

«Бүгінде М. Сүйіндіковтің Павлодар өңірінде металлургиялық сала кадрларын даярлаудың бастауында тұрғанын атап өтпеуге болмайды. Ол бірінші болып ферроқорытпа өндірісі үшін «Қара металдар металлургиясы» мамандығы бойынша дайындық жүргізе бастады. Сонымен қатар, ПМУ-да алғаш рет «Конструкциялық материалдар технологиясы», «Материалтану» және т.б. пәндерді қазақ тілінде оқытуды ұйымдастырды», - деп атап өтті М. Бегентаев.

Ғалым 180-нен астам жарияланымдардың, оның ішінде өнертабысқа патенттердің, оқу құралдарының, қазақ және орыс тілдеріндегі терминологиялық сөздіктердің авторы. Оның жетекшілігімен жүздеген бакалавр және 300-ге жуық магистр даярланды, олар өндіріс, ғылым және білім саласында түрлі лауазымдарда табысты еңбек етуде.

Мерхат Мәдениұлы басшылық ететін Металлургия кафедрасы өңірдегі жетекші орындардың біріне айналды және республика көлемінде танымал болды, ал «Металлургия» мамандығы Қазақстан бойынша үздік үштікке кіреді.

Ғылыми және педагогикалық қызметтен басқа Мерхат Мәдениұлы тарихты зерттеуге көп көңіл бөледі, шығармашылықпен айналысады, көркем шығармашылықты дамытады. Осылайша, оның жетекшілігімен және тікелей авторлығымен Әл-Фараби, Мәшһүр Жүсіп, Қ. Сәтбаев, С. Торайғыров және т.б. үстел үсті мүсіндері құйылды.

Сонымен қатар ғалым халық ақыны, қоғам қайраткері Ж.Төленовтің 200-ге жуық шығармашылық мұрасын қазіргі қазақ алфавитіне (кириллицаға) аударды. Осының негізінде «Алаш қайраткері, халық ақыны Жақсылық Төленұлы. Өмір жолы. Шығармалары» кітабы шықты.

Айта кету керек, М. Сүйіндіковтің еңбегі лайықты түрде әр түрлі атақ, марапаттармен бағаланды, соның ішінде «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағымен, «С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың алтын медалімен» марапатталды, «С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың үздік кафедра меңгерушісі (2007)» деп танылды.

Ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін М.М. Сүйіндіков Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі болып сайланды.