С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Этникалық тарих сабақтары: қазақ халқына мың алғыс» жобасы шеңберінде Алғыс айту күні өтті.

Кездесуді университеттің «Рухани жаңғыру» институты мен Павлодар облысы ҚХА жастар бірлестіктерінің үйлестіру кеңесі ұйымдастырды. Шараға студенттер, магистранттар мен облыстық ҚХА этномәдени бірлестіктерінің өкілдері жиналды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, тарихи оқиғалар куәгерлерінің қатысуымен өтетін интерактивті шаралар Қазақстанның тарихи және рухани-адамгершілік құндылықтарын жастар арасында насихаттайды. Қазақстандық Алғыс айту күні идеясы – Отанымыздың өткеніне деген құрметтің белгісі.

Шара барысында қазақ халқының қиын-қыстау заманда тағдыр тәлкегіне ұшыраған түрлі этникалық топ өкілдеріне көрсеткен қамқорлығын паш ететін материалдар көрсетілді.

«Бүгінгі Қазақстан тарихы – жетістіктер мен жеңістер тарихы. Кезінде күштеп қоныс аударылған ондаған ұлт өкілдері қазақ халқы шаңырағының астына тоғысып, Қазақстанды Отаным деп білді. «Этникалық тарих сабақтары: қазақ халқына мың алғыс» жобасы әр этностың тарихымен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. Олардың Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне қосқан үлесі, қазақ халқымен қарым-қатынасы туралы білуге мүмкіндік бар», – дейді Қазақстан тарихы кафедрасының магистранты, Павлодар облыстық ҚХА жастар бірлесіктерінің үйлестіру кеңесінің төрағасы Рамиль Смаилов.