С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде профессорлық-оқытушылық құрамға арналған «Еуропалық Кеңестің ғылыми зерттеулер мен технологияларды дамыту жөніндегі «Көкжиек 2020» бағдарламасына қатысу» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Шара мемлекеттік университеттің ғылым және инновация департаментінің «InternationalScience» бөлімінің мұрындық болуымен өтті.

Семинар аясында «Көкжиек 2020» бағдарламасының құрылымы, негізгі бағыттары мен бағдарлама шеңберіндегі байқаулар жөнінде айтылды. Сонымен қатар, жобалардың типтері, байқауға қатысуға өтініш беру процедуралары жөнінде кеңінен әңгімеленді. Университет мамандары бағдарламаның ресми сайты арқылы өтініш қалдырудың негізгі кезеңдерінен өту, нақтырақ айтқанда, жеке жазбаны тіркеуден болашақ серіктестер мен нақты байқауды іздеу бойынша тәжірибелерін молайту мүмкіндігіне ие болды.

«InternationalScience» бөлімінің бастығы Артём Донцовтың ойынша, осы тектес шаралар ғылыми жобаларды қаржыландырудың шетелдік бағдарламалары туралы мол ақпарат беріп, таныстырады.  

«Университет ғалымдарының «Көкжиек 2020» сияқты халықаралық бағдарламаларға қатысуға әлеуеті жеткілікті деген ойдамын. Бөлімімізді мамандары шетелдік бағдарламаларға қатысқысы келетіндерге кеңес беріп, көмек көрсетуге әзір. Біз кез келген ақпаратты аудару, іздеу бойынша жұмыс істеуге дайынбыз», - дейді Артём Сергеевич.