С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» әлеуметтік бағдарламасы аясында «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасы бойынша білім алып жатқан түлектерді жұмыс орындарына жіберу жәрмеңкесі өтті.

Шараға қатысқан жұмыс берушілер қатарында «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Қазақстан алюминийі» АҚ, «ERG Service» АҚ, «СҮТ» ЖШС, «Жәрдем» ЖШС, «Талапкер ПВ» ЖШС, «Павлодаржолдары» ЖШС және де «JOB Master» кадрлық агенттігі болды.

Кәсіпорындар 108 бос орнын ұсынды. Тәжірибе және жұмыспен қамту бөлімінің бастығы Зинаида Женпейісованың айтуынша, «студент-жұмыс беруші» форматындағы кездесулер жас мамандарды жұмысқа орналастыруда маңызға ие.

- Жеке кездесу барысында студенттер ұсынылатын жұмыс жөнінде мол мағлұмат ала алады. Ал екінші тарап болашақ маманның кәсіби тұрғыдағы құзыреттілігіне баға бере алады, - дейді ол.

Жәрмеңкеге «Машина жасау», «Технологиялық машиналар және жабдықтар», «Стандартизация және сертификация», «Аспап жасау», «Құрылыс», «Көліктік құрылыс», «Құрылыс материалдары, бұйымдары мен конструкцияларын өндіру» және т.б. мамандықтар бойынша оқитын 100-ден астам студент қатысты.

Ұйым өкілдері студенттермен алдын ала әңгімелесу жүргізіп, кәсіпорындарды дипломалды тәжірибеден өту тетіктерін қарастырды.