С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Палац университетi «Чех бұрышының» салтанатты ашылуы өтті.

Шараға Палац университеті жаратылыстану ғылымдары факультетінің халықаралық мобильділік жөніндегі координаторы (Чех Республикасы, Оломоуц қ.) Дана Гронычова және профессор, жаратылыстару факультетінің РhD докторы Боривой Шарапатка қатысты.

Жиналған қауым алдында С. Торайғыров атындағы ПМУ даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры, с.ғ.д Арман Ақышев сөз алып, Палац университетімен серіктестік 2013 жылы басталғанын тілге тиек етті. Әсіресе, педагогикалық, жаратылыстану және құқықтану факультеттері арасындағы байланыс жақсы.

«Қос жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастықтың арқасында біз білім беру жүйесін интернациаландару стратегиялық тапсырмасын орындаймыз. Академиялық мобильділік бағдарламасын жүзеге асыру барысында Палац университетінде 20-дан астам студентіміз білім алды. Ал төрт білім алушымыз ғылыми тағылымдамадан өтті», - дейді Арман Ақышев.

Шараға жиналғандардың назарына Чехияда білім алу және Палац университеті туралы ақпараттар ұсынылды.

Сонымен қатар, кездесу аясында ғалымдар Агротехникалық факультетінің студенттеріне дәріс оқыды.

Айта кетейік, 2016 жылы екі уинверситеттің «Эразмус+» атты бірлескен бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның аясында палац университетінің 10 оқытушысы Павлодар мемлекеттік университетінде дәріс оқыды. Ал ПМУ ғалымдары чехиялық студенттермен кездесті.