С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне Швециядағы Lund University жоғары оқу орнының магистранттары келді. Ғылыми-зерттеу жүргізуге мақсатын көздеген жастар «Chemical еngineering» және «Risk management and safety» мамандықтары бойынша білім алуда.

Кэтрин Клингспор және Эрики Джонсонның ғылыми қызығушылығы ауызсуды дайындау және Павлодар қаласындағы ағынды суларды тазарту үрдістеріне негізделген. 

Осы тақырыпты тереңнен зерттеу мақсатында жастар өңірдің ірі өндіріс ошақтарында болды. Болашақ ғалымдар «УПНК-ПВ», «Павлодар мұнай-химия зауыты» және «Нефтехим LTD» ЖШС-нің ағын суларды тазарту тәжірибелерімен танысты. 

Тағылымдама шеңберінде шетелдік зерттеушілер су жинау құрылғыларының жұмысы, айналмалы және ағынды суларда тазарту деңгейлерінің, сондай-ақ, су тұтыну құрылымын тереңнен зерттеді. 

Болашақ ғалымдар Павлодар қаласына қарасты Ленинский және Кенжекөл ауылдарының тұрғындары арасында судың сапасы жөнінде сауалнама жүргізді. Магистранттар жүргізген зерттеу жұмысының аралық қорытындылары Павлодар мемлекеттік университеті химия және химиялық технологиялар кафедрасының оқытушылары және студенттерінің қатысуымен өткен семинарда талқыланды. 

Еске сала кетейік, Павлодар мемлекеттік университеті Лундс университетімен 2014 жылдан бері серіктес.