Халықаралық әйелдер күні қарсаңында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Райса сән театры мамандары қонақта болды. Beauty-индустрия саласындағы жетекші сәнгерлер мен сарапшылар шеберлік сыныптарын өткізді.

Мамандар жоғары оқу орнының оқытушылары мен қызметкерлерімен сұлулықтың құпияларымен бөлісті. Шығармашылыққа толы шарада сарапшылар опа-далап құралдарының көмегімен сұлу көріну, әдемі шаш үлгісін жасау, сонымен қатар, аксессуарлар мен әшекейлерді таңдау әдістері туралы айтты. Осылайша, университеттің нәзік жандылары сәнді әрі әдемі болудың қыр-сырын меңгерді. 

Райса сән театрының директоры Райса Райымбекованың айтуынша, адамның көркі шүберек екенін ұмытпау керек. Сонымен қатар, адамның тек сыртқы келбеті емес, ішкі жан дүниесі де сұлу болғаны абзал. 

«Бүгінгі күні қоғамымызда сыртқы келбетке немқұрайлы қарау байқалады. Уақыт өзгерген сайын біздің ұрпақ әр сала бойынша жоғары деңгейде болуы керек. Бұл, әсіресе, жастарға жақын тұратын мамандарға қатысты. Ал жоғары білімі бар мамандар көз тартар сұлулығына баса мән берсе,  жастармен тіл табысу оңай болады деп ойлаймын», - дейді Райса Жұмашқызы. 

Жиналған қауым мамандарға шеберлік сыныбы  үшін алғыс жаудырды.