«Астана – ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі күндері ІІ Еуразиляқ халықаралық «Eurasian Book Fair – 2017» кітап көрме-жәрмеңкесі аясында физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Мағзұм Мұхтаров пен С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің математаика және информатика кафедрасының аға оқытушысы Нұрсұлу Исмағулованың «Дифференциалдық теңдеулер» оқу құралының тұсауы кесілді.

Аталмыш еңбек дифференциалдық теңдеулер теориясының негіздеріне арналған. Оқу құралында дифференциалдық теңдеулер теориясының негізгі анықтамалары мен теоремалары берілген.

Көрме-жәрмеңке ТМД, Еуропа және Азияның жиырмаға жуық мемлекеттерінің баспа компанияларының, ғылым-білім саласындағы ұйымдары мен мәдени орталықтарының басын қосқан зияткерлік алаңы болды.

Кітап авторларының айтуынша, ЭКСПО сияқты маңызды жаһандық көрмемен тұспа-тұс келген бұл жәрмеңке – еуразиялық кеңістіктегі ең ірі мәдени-ағартушылық шара болды.

– ЖОО-ның мемлекеттік тілдегі сапалы оқулықтарын дайындау мәселесі – Қазақстанның бүгінгі заманауи білім саласындағы маңызды мәселелердің бірі. Біздің оқу құрал сараптамадан өтіп, Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің ұсынысымен мемлекеттік тілде жарық көрді.

Біздің оқу құрал математика бойынша мамандардың біліктілігін арттыруға өз үлесін қосады деп сенеміз, – деді Нұрсұлу Мұқашқызы.