С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстанның Қарулы Күштерінің 25 жылдығына орай мерекелік концерт өтті.

Бұл күні әр факультеттің нәзік жандылары ер азаматтарға ән-жырдан шашу шашып, әзіл-қалжыңмен мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. 

Қазақстанның Қарулы Күштерінің ширек ғасырлық мерейтойын атап өту мерекесі қарсаңында ер жігіттердің тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштері мен КСРО Қарулы күштері қатарында атқарған әскери борышын өтеп жүргендегі суреттерінен құралған фотокөрме ұйымдастырылды. 

Мейрам құрметіне Отанына қашанда адал қызмет етуге даяр тұратын С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің әскери кафедрасының қызметкерлеріне мадақтамалар мен естелік марапаттар табыс етілді.  

Бұл күні ұйымдастырушылар күшті, еңбекқор және қабілетті ер азаматтардан өзге ең қамқор әкелерді де паш етті. 

Сондай-ақ, Глории Гейнордің "I will survive" әнін орындаған Александр Линнастың өнері мерекенің шырайын келтіре түсті. 

Металлургия, машинажасау және көлік факультетінің қыздары сыған халқының әндерімен көптің көңілін көтерді. Павлодар мемлекеттік университетінің әйелдер қауымы ер азаматтарды әуезді әндерімен, әдемі әзілдерімен, әсерлі өнерлерімен құттықтады. 

ПМУ-нің әйелдер ұжымы «Rammstein» тобының «PSUstein» стиліндегі әнін орындап, жиылғандардың зор ықыласына бөленді. Нәзік жандылардың мерекелік шоу-концерті көрермендердің көңілінен шығып, өнерлеріне тәнті еткізді.