«Орындаушылық өнер» кафедрасының дарынды студенттері Манас Қалиолла мен Аида Махамбетова республикалық «Рауан» фестиваль-байқауынан жүлделі оралды.

Байқау Алматы қаласында «Күншуақ» жобасы шеңберінде өтті.

Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері белгілі шығармаларды домбырада шебер орындап, «Аспапта орындау» аталымында бірінші орын иегерлері атанды. Студенттер «Шалқыма», «Шаттанамын» күйлері, Махамбеттің «Жұмыр қылышы» мен Тәттімбеттің «Қосбасар V» күйлерін орындады. 

Студенттер өз өмірлерін домбырамен байланыстырған тағдырына разы. «Домбыра менің кәсібім ғана емес, өмірлік сырларымды бөлісетін сүйікті аспабым, жан досым», – дейді Манас Қалиолла. 

Орындаушылық өнер кафедрасының қауымдастырылған профессоры Рыскүл Сәбекованың айтуынша, мұндай байқаулар орындаушылық өнердің отандық озық үлгідегі дәстүрлерін дамытуға және сақтауға зор мүмкіндік бермек. «Біз университеттің, кафедраның намысын лайықты қорғап шықтық. Ұлттық өнеріміздің озық үлгісін, орындаушылық шеберлігіміздің жоғары деңгейін көрсетіп, тағы да өзімізді таныттық».