С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне Қазақстандағы Германия Федеративтік Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Рольф Мафаэль жұмыс сапарымен келді.

Айтулы сапар Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығына арналды. 

Кездесудің басты мұраты Германияның DAAD академиялық айырбас қызметі шеңберіндегі әріптестікті талқылау болды. 

Алматы қаласындағы DAAD ақпараттық орталығының жетекшісі Бартоломеус Минковски ПМУ-нің студенттері мен оқытушыларына Германияда білім алып, зерттеулер жүргізу мүмкіндіктері турасында ақпарат берді. 

Ал, неміс тілін оқытудағы мәдениаралық аспектісі туралы Қарағанды мемлекеттік университетіндегі DAAD дәріскері Штефан Кель баяндап берді. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-індегі DAAD дәріскері Флориан Так шәкіртақылық бағдарламаларға өтініш беру жолдарына түсіндіретін «workshop» өткізді. 

ПМУ ректоры, с.ғ.д., профессор Арын Өрсариев екі күндік кездесуді қорытындылай келе, болашақ мамандарды оқыту және тағылымдамадан өткізу мақсатында Қазақстанның студенттерін тартуға Германия қызығушылық танытып жатқанын сөзге тиек етті. 

«ПМУ-нің Германияның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен, ұйымдары, мамандарымен серіктестігі көп жылдан бері жалғасып келеді. Германияның іргелі техникалық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы келісімшарттар жасалған: Фрайберг тау-кен академиясы, Берлин техникалық университеті, Бранденбург технологиялық университеті. Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері Германияның кәсіпорындарында тағылымдамадан өту мүмкіндіктеріне ие. Жыл сайын біздің студенттер мен оқытушылар Гете институты, Эразмус+, TEMPUS гранттық бағдарламаларының шәкіртақы иегерлері атанады, Алтай және Хангай тауларының орманды-далалы аймақтарындағы биологиялық әралуандылықты қалпына келтіру бойынша Георг Аугуст атындағы Гете университетінің тапсырысын орындауға қатысады», – деді Арын Амангелдіұлы.

Қазақстандағы Германия Федеративтік Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Рольф Мафаэль университеттің стартап академиясы мен мұражай кешенімен танысты. 

ПМУ-нің стартапшылары Рольф Мафаэль мырзаға «Алау» және «Tafella» жобалары бойынша дайындалған өнімдерді сыйға тартты. 

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас ресми 1992 жылдың 11 ақпанынан бастау алған. Ширек ғасырдан бері қазақстандық-германдық ынтымақтастық байланыс дамып, қос мемлекеттер арасында сенімді де мағыналы диалог орнады.