С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Акцент» командасы Ұлттық КВН лигасының үшінші орын иегерлері атанды.

Астана қаласында өткен көңілді тапқырлар сайысына елдің әр түкпірінен келген кіл мықты төрт команда өнер көрсетті. Әзілкештер арасындағы ойын тартысты да қызықты өтті. 

«Акцент» өнерлі жігіттері әзілдерін қоғамдағы түйткілді мәселелермен өрнектеп, жиылғандарды күлкіге қарық қылды. Көрерменнің көңілінен шыққан жас өнерпаздар бұл додадан қанжығаларына қола жүлдені байлап қайтты. 

Олжас Қоңыратбаев жеңісті сәттен кейінгі ойын былайша өрбітті: «КВН ойындары өміріміздің мәніне айналғалы қашан. Біздің топтың жігіттері шығармашылық амбициялы адамдардан кәсіби тұрғыда әзілдесіп, көрерменді таңқалдыра алатын үлкен ұйымшыл шығармашылық ұжымға айналды. Оған дәлел – КВН Ұлттық лигасындағы кезекті жеңісіміз».